БҚО ауылдарында 50-ден астам емхана, 20-дан астам мектеп ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет салаларын дамыту қарқыны туралы баяндады.

Шетелдіктер Қазақстан емханаларына қалай тіркеле алады
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан ашылып, үш жылда 442 дәрігер тартылды, оның 236-сы ауылдарға жіберілді.

– Биыл Қазталов және Бөрілі аудандарында ауруханалардың құрылысы басталды. Медицина саласының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 5,1 млрд теңге бөлініп, 100-ге жуық заманауи медициналық құрал-жабдық алынды. Бұл жұмыстар нәтижесінде облыстағы медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 83,8%-ға жетті, – деді Н.Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Білім саласында 2023 жылдан бері 27 жаңа мектеп іске қосылды, оның 22-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 3 мектеп ашылады, 11 апатты және үш ауысымды бес мектептің мәселесі шешілді. Қазіргі таңда 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

– 2025-2027 жылдары облыста 86 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Биыл жергілікті бюджет және «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3,3 млрд теңгеге 119 пәндік кабинет сатып алынды, – деді облыс әкімі.

Спорт инфрақұрылымы бойынша, 2023-2025 жылдары 12 спорт нысаны ашылды, биыл 9 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Осылайша, халықты спорт нысандарымен қамту көрсеткіші 66%-дан 76%-ға өсті.

Мәдениет саласында 11 мәдениет үйі мен кешендер пайдалануға берілді, биыл 7 нысан салынып жатыр. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауылдарда 25 кітапхана жаңғыртылып, Оралда креативті хаб ашылды.

Бұған дейін Нариман Төреғалиев «Қаладан ауылға» жобасы аясында мыңға жуық адам ауылға көшкенін айтқан еді.

Сонымен бірге, БҚО-да екі су қоймасы салынады.

Соңғы жаңалықтар