БҚО: Басына мұз құлаған ер адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Мүсілім Жәрдемовтің айтуынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігіне сәйкес (адам өліміне соқтырған еңбек қорғау ережесін бұзу) «Нұр» пәтер иелері кооперативіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Тұхватовтың сөзіне қарағанда, шаһарда барлығы 103 ПИК бар. Олардың бәріне де өз аумақтарында тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде алдын ала айтылып, ескертілді, соның ішінде «Нұр» кооперативі (басшысы Александр Лукьянов - авт.) де бар. ПИК-тердің көпқабатты үйдің төбесіндегі мұз сүңгілерін алатындай үлкен техникалары жоқ болғандықтан, басқа мекемелерден көмек сұралып, біраз жұмыстар атқарылды. Оқиға орын алған Ғұмар Қараш көшесі 33-үйдің төбесіндегі мұз сүңгісі бұдан бұрын бір мәрте тазаланған еді, қайтадан жиналып қалған.
Қазіргі кезде мұндай қайғылы оқиғаны болдырмау бағытында барлық шаралар жасалуда.
Еске сала кетейік, кеше жетпіс жасар қарияның басына төбеден мұз кесегі құлап, көз жұмғанын жазған болатынбыз.