БҚО-да 17 жастағы студент есірткі таратумен айналысқан
ОРАЛ. KAZINFORM — «Цифрлық сату» жедел алдын алу іс-шарасы барысында БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тыйым салынған заттарды таратуға қатысы бар деп күдікке ілінген 17 жастағы өңір тұрғынын ұстады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жеке тінту кезінде күдіктінің қалтасынан изолентамен оралған 22 түйіншек табылып, тәркіленді. Олардың ішінде ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған.
Студенттің сөзіне қарағанда, ол екі ай бойы есірткіні заңсыз өткізумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде курьер болып жұмыс істеген.
— Қазіргі уақытта оның құқыққа қайшы қызметке қалай тартылғаны және қылмыстық схеманы ұйымдастыруға қатысы бар азаматтар анықталуда. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 258 кг астам есірткі заңсыз айналымнан алынғанын жазған болатынбыз.