БҚО-да 200 мыңға жуық адам коронавирус екпесін салдырды

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, өңірде 360 мың тұрғын вакцина алуы тиіс болса, соның 54,1 пайызы бірінші компонентпен егілді.
Сондай-ақ 154 314-і немесе 42,9 пайызы екінші компонентті қабылдап үлгерді.
Облыс орталығында 215 461 адамның 103 277-сі (47,9 пайызы) бірінші, 81 035-і (37,6 пайызы) екінші компонентпен егілді.
Вакцинациялау жөнінен облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш Жәнібек ауданында. Мұнда 8285 адамның 5682-сі немесе 68,6 пайызы бірінші, 4951-і (59,8 пайызы) екінші компонентті қабылдады. Ал Жаңақала ауданы көш соңында келеді. Бұл ауданда вакцинаның бірінші компонентін салдырғандардың (12 281 адамның 4940-ы) саны әзірге 40,2 пайыздан асқан жоқ. Екінші компонентін алғандар (3736) – 30,4 пайыз.
Департамент мәліметіне қарағанда, өңірде 47 егу кабинеті жұмыс жасап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда педагогтардың 95,1 пайызы екпе алғанын жазған болатынбыз.