БҚО-да 413 ауылдың 307-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында ауыл халқының 97 пайызы ауыз сумен қамтылып отыр.

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтің мәлім еткеніндей, өңірде 413 ауылдың 307-сіне орталықтандырылған су жеткізілген.
Нұркен Еділұлының сөзіне қарағанда, биылғы жылы 9 млрд теңгеге 15 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталып, 40 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатылмақшы.
— Биыл жыл соңында 8 мыңдай адам таза ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде облыс халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Осы орайда ауыз судың сапасына ерекше мән беріледі, — деді Н.Молдашев.
Басқарма мәліметіне қарағанда, өткен жылы 35 мыңнан астам тұрғыны бар 20 ауылға су құбыры тартылып, бұл мақсатқа 5,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар шамамен 1 мың тұрғыны бар 12 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылған еді.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында екі ауылдың ауыз сумен қамтылғанын жазған болатынбыз.