БҚО-да 45 мектеп инспекторы жетіспейді

Бүгінгі таңда облыстағы ювенальдық полицияның жалпы штаттық құрамы 83 бірлікті құрайды. Соның 47-сі - мектеп инспекторлары.
БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сақыпкерей Сағышевтің сөзіне қарағанда, жасөспірімдер қолымен жасалатын қылмыс атаулы облыс аумағында соңғы кездері сирей түскен. Мәселен, кәмелетке толмағандар 2011 жылы 229 қылмыс жасаса, былтыр жасөспірімдер 172 рет заңға қайшы әрекетке барған. Биыл да аталмыш бағыттағы көрсеткішке төмендеу тән. Бұл, әрине, ішкі істер қызметкерлері мен ел-жұрттың тізе қосып жүргізген іс-шараларының жемісі екендігі шүбәсіз. Дегенмен, ширататын шаруа әлі де баршылық. Мысалы, жасөспірімдерге қатысты қылмыс атаулының біраз бөлігі тәуліктің қараңғы мезгілінде жасалады. Демек, балалар егер ата-ана мен ересектер ертіп жүрмесе, түнгі сағат оннан кейін көшеде көрінбеуі тиіс. Бұл - кәмелетке толмағандардың оқыс оқиғаға ұрынып қалмауының негізгі алғышартының бірі. Баланың тәуліктің қараңғы уақытында жалғыз-жарым жүргені үшін ересектер ҚР Әкімшілік кодексі бойынша әкімшілік жауапқа тартылатындығын үнемі есте ұстауы шарт.
Өкінішке орай, жеткіншектер арасындағы суицид сап тыйылмай тұр. Биылғы жылдың өткен 8 айында 8 ұл мен қыз өз өмірлеріне өздері нүкте қойса, 9 жеткіншек әлгіндей сорақы қадамға талпынған.
Жиын барысында «Жас полицей» жүйесін жетілдіру, заңға қайшы әрекеттердің алдын алу үшін облыс орталығындағы №11, 34, 35 сияқты мектептердің үлгісінде бейнеқондырғылар орнату және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналармен қоғамдық жұмысты күшейту сияқты өзекті мәселелер талқыланды.