16:25, 20 Қазан 2016 | GMT +5
БҚО-да адам өлтірді деген күдікпен ресейлік азамат ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 17 қазан күні кешкісін Ақсай қаласында С.Арыстанов атындағы көше бойындағы №2 үйдің кіреберісінен ауыр жараланған ер адам табылған.

Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, кеуде тұсынан пышақ сұғылған жәбірленуші жедел жәрдем көлігімен аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, есін жия алмастан көз жұмды.
Кейін белгілі болғанындай, Линейная көшесінде тұрған 65 жасар азамат сол күні танысының үйінде қонақта болған. Арақ ішу кезінде екеуінің арасында ұрыс-керіс туындап, соңы төбелеске ұласқан. Соның салдарынан марқұм кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ жарақатын алған.
Жедел іздестіру барысында күдікті ретінде 1955 жылғы ресейлік азамат ұсталды. Ол сол үйде пәтер жалдап тұрған.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.