БҚО-да адасып кеткен малшы бір күннен кейін табылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында жоғалып кеткен малшыны іздестіру жұмыстары жүргізілді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 15 желтоқсан күні Бірлік ауылдық округіне қарасты «Өтепқали» шаруа қожалығында болды.
Сағат 16.00-де 1971 жылғы тұрғын 5 шақырым қашықтықта орналасқан құдыққа қарай мал суаруға шығып, содан оралмаған. Өзімен бірге ұялы телефоны болмаған.
Малшының жоғалып кеткені жөнінде хабар 16 желтоқсан күні таңмен БҚО полиция департаментінен түскен.
Іздестіру жұмыстарына ТЖ департаменті, ТЖМ 20982-әскери бөлімінің 2-құтқару батальоны, ПД, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындар жұмылдырылды. Әуеден іздеу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағы дереу көтерілді.

— Ер адам 16 желтоқсан күні сағат 13.30-да 30 шақырым жердегі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қарасты Бахас қыстауынан табылды. Ол медициналық көмекті қажетсінбеді. БҚО ТЖД қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін еске салады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы бір ер адамның денесі табылғанын жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда ауыл тұрғындары қарға көмілген қойларды құтқарды.