БҚО-да Ақбұлақ ауылындағы бөгет қалпына келтіріле ме
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылының тұрғындары әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады.

Ауыл тұрғындары Қазақстан Президенті мен БҚО прокурорына арнаған үндеуінде 106,4 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілген бөгетті тасқын судың бір ғана тәулік ішінде бұзып кеткенін айтып, сондықтан оны қалпына келтіру жөнінде көмек сұраған. Тұрғындар ауылдық округ әкімінің қабылдауында болғанымен, одан нәтиже шықпаған.
Олардың сөзіне қарағанда, тұрғындардың күнкөрісі малмен байланысты. Қазіргі кезде мал ішетін су жоқ.

Осыған орай Kazinform тілшісі Бөрлі ауданы әкімдігіне сауал жолдады.
Аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Нұрмақовтың мәлім еткеніндей, Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Уралводпроект» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу нәтижесіне сәйкес Ақбұлақ ауылының оңтүстік бөлігінде орналасқан бөгетті күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 2020 жылғы 20 шілдеде шарт жасасқан.
Мұхтар Серікұлының мәлімдеуінше, 2020 жылы шартқа сәйкес ЖСҚ әзірленіп, 2021 жылғы 21 маусымда «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның оң қорытындысы алынған. Аталмыш бөгетке күрделі жөндеу жұмыстарын 2022 жылы «АқсайСтройСервис и К» ЖШС жүргізді. Техникалық қадағалауды «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС жүзеге асырды. Шарт сомасы — 110,9 млн теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары жобаға сәйкес орындалып, нысан 2022 жылғы қарашада пайдалануға берілді.

— Алайда 2023 жылғы көктемде еріген қар суының көлемі бөгеттің су өткізгіш құрылғысының өткізу қабілетінен асып түсті. Соның салдарынан тасқын су бөгетті шайып кетті. 2023 жылы «СПС» ЖШС дайындаған қысқаша гидрологиялық жазба негізінде бөгеттің бұзылу себебі су өткізу құрылыстарының жеткіліксіз өткізу қабілеті болғаны анықталды, — дейді аудан әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, 2023 жылы Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалық ұйым — «Уралводпроект» ЖШС-не бөгетті қалпына келтіру бойынша талап-арызбен сотқа жүгінді. Әйтсе де 2023 жылғы желтоқсанда сот жауапкер тарапынан міндеттемелерді тиісінше орындамау фактісінің болмауына байланысты бөлімнің қалпына келтіру жұмыстарын орындау жөніндегі талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.
— «Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылындағы бөгеттің су бұру құрылысын қалпына келтіру және ағымдағы жөндеу» жобасы бойынша 91,2 млн теңгеге есептеу жүргізілді. Қазіргі уақытта қажетті қаражат көлемін бөлу жолдары қарастырылуда. Қалпына келтіру жұмыстарын осы жылы жүргізу жоспарлануда. Бұл мәселе аудан әкімдігінің бақылауында, — деді М.Нұрмақов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тасқын судан келер қауіп қандай екендігін жазған болатынбыз.