БҚО-да алаяқтарға жәрдемдескен 26 жастағы тұрғын 5,6 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында алаяқтардың аса ірі көлемде қаржы жымқыруына көмектескен 26 жастағы тұрғынға қатысты үкім шықты.

судья
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, белгісіз адамдар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, Орал қаласының тұрғынын алдаған. 

Олар психологиялық қысым жасау арқылы аталған тұрғынды жеке депозитінен бірнеше ондаған млн теңгені шешіп алып, ақшаны курьерлік қызмет арқылы такси жүргізушілерінен беріп жіберуге көндірген. 

— Жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарға жәрдемдескен жігіт Қызылорда облысының Арал қаласында ұсталды. Тінту кезінде одан 2 мың АҚШ доллары мен 265 мың теңге табылды. Айыпталушы өзінің әрекеті заңсыз екенін біле тұра жәбірленушінің ақшасын бірнеше мәрте қабылдап, алаяқтарға бергені анықталды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі кезде қылмыстың басқа да қатысушыларын іздестіру жұмыстары жалғасуда, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да алаяқтарға сеніп қалған кәсіпкердің 22 млн теңгесінен айырылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар