БҚО-да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 95 ауыл қамтылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 413 елді мекен болса, соның 221-і «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға мүмкіндігі бар ауылдар ретінде іріктелді.
БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, осының ішінде 77-сі тіректі, 34-і шекара маңындағы стратегиялық маңызы бар, 110-ы спутниктік елді мекендер есебінде белгіленді.
Оның сөзіне қарағанда, перспективті ауылдарда 277 мың адам тұрады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2024 жылдары елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 150 жоба бойынша 44,1 млрд теңге бағытталды.
Бағдарламамен 281 мың адам (барлық ауыл тұрғындарының 45 пайызы) тұратын 95 перспективті елді мекен қамтылды. Бұларда 24 білім беру, 20 мәдениет, 10 денсаулық сақтау, 3 спорт, 13 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны бой көтеріп, 7,1 шақырым су құбыры тартылды. Оған қоса 322 шақырым жол қатынасы реттелді.
- Биыл 13,1 млрд теңгеге 30 жобаны жүзеге асыру көзделген болатын. Соның ішінде 2024 жылдан ауысқан 17 жобаның 12-сіне қаражат қарастырылды. Республикалық бюджет есебінен әлеуметтік-мәдени және көлік инфрақұрылымы нысандарын салу мен реконструкциялау бойынша 16 жобаға 4,5 млрд теңге бөлінді. Жергілікті қазына есебінен осындай жобаларға 8,6 млрд теңге қаралды. Күні бүгінге дейін 30 жобаның 11-і мәресіне жетті. 12 жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қалған жетеуі келесі жылға ауысады, - деді Н.Есенғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірлер орталыққа жалтақтамай, өз бюджетімен күнін көре ала ма, соны жазған едік.