БҚО-да әйгілі күйшілер домбыраларының көшірмесі жасалды

None
Фото автордікі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ұлттық домбыра күніне және күй атасы – Құрманғазының 205 жылдығына орай Оралдағы «Атамекен» өнер орталығында «Домбыра-дастан» облыстық домбыра жасаушы шеберлердің фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға келгендер, алдымен, шеберлер жасаған домбыра көрмесін тамашалады.

Құрманғазы Сағырбайұлы домбырасының көшірмесі белгілі күйші әрі шебер Едіге Нәбиевтің қолынан шықты. Сол секілді Медет Төлегенов – Дина Нұрпейісованың, Дина Құспанова – Махамбет Өтемісұлының, Жанпейіл Сейтақ – Сейтек Оразалыұлының, Абзал Хамитов – Қали Жантілеуовтің, Бейбітәлі Досқалиев – Оқап Қабиғожиннің, Аслан Серікбаев – Ғарифолла Құрманғалиевтің, Досжан Бижанов – Есел Қазиевтің, Тілек Мәуленов – Сабыр Мұқатовтың, Сансызбай Ахметов Ерғали Есжановтың домбырасын жасады.


Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, 2024 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығының құрылғанына 80 жыл толатынына байланысты музей ашу жоспарға енгізілді. Осыған орай домбыра көшірмелері облыстық халық шығармашылығы орталығының музей қорына табысталады.

Фестивальге қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов домбыра – қазақтың бойтұмары, ұлттық құндылықтың символы, домбыра қазақ ұлтының тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, ел басына қатер төнген тұста көңіліне жұбаныш бола білген киелі де қасиетті аспап екендігін жеткізді.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халқымыздың төл мәдениеті мен өнерін домбырасыз елестету мүмкін емес. «Біз өзіміздің ұлттық музыкалық аспабымыздың әлемдік қоғамдастық мойындаған мәдени мұра екенін мақтан тұтамыз. Бұл баға жетпес мүлікті сақтау және атадан балаға мұра ету – әрқайсымыздың қасиетті міндетіміз», – деп Мемлекет басшысы аспаптың әрбір қазақстандықтың рухани өміріндегі рөлін атап өтті. Ұлттық домбыра күні біздің ұлттық құндылықтарымызды ардақтайтын, ой салатын, рухани жаңғыруымызға қомақты үлес қосатын шуақ пен шаттыққа толы мерекеге айналды», - деді Б.Нарымбетов.


Бұдан кейін домбыра көшірмелерін жасаған шеберлердің бәріне облыс әкімінің алғысхаты мен 100 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ өңірдегі өнер майталмандары ҚР мәдениет және спорт вице-министрінің алғысхаттарымен марапатталды.

Жаңадан жасалған домбыра көшірмелерімен Құрманғазы, Дина, Сейтек, Оқап Қабиғожин, Ерғали Есжанов, Сабыр Мұқатовтың күйлері орындалып, Махамбет термесі мен Ғарифолла Құрманғалиевтің «Ақжайық» әні шырқалды.

«Қазақ - нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп Қадыр ағамыз айтқандай, домбыра қазақ халқымен бірге жасап келеді. Ілкі кезде әуелі қобыз, содан кейін тоғызыншы ғасырда домбыра пайда болды делінді. Кейін домбыра тарихы одан әріде деп жазылды. Осы күнге дейін қазақтың қасиетті аспабының қашан шыққаны әлі нақтыланған жоқ. Қалай десек те, қазақ екі ішекпен бүкіл қайғысын, қуанышын, жан сырын жеткізе білген. Сондықтан домбыра әр үйдің төрінде тұруы керек. Қазақ барда домбыра өлмейді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев.

Бүгін, Домбыра күні сондай-ақ Құрманғазы мен Дина, Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Еске салайық, бұдан бұрын Еркін Нұрымбетовпен қасиетті күй өнері туралы сұхбат жариялаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар