БҚО-да екі су қоймасы салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 50 гидротехникалық нысанның 25-іне жөндеу жұмыстары қажет. Су шаруашылығы туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтып берді.
Өңір әкімінің айтуынша, бүгінде 14 су қоймасын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.
– Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Үлкен және Кіші өзендер бойында 38 млн текше метр болатын екі су қоймасын салу жоспарланып отыр, – деді Н.Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2,9 млрд теңгеге 19 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бөгеттердің жалпы ұзындығы – 37 шақырым.
Каналдардың өткізу қабілетін жақсарту үшін үш жылда 281 шақырым каналға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы 150 шақырым тазартылады.
Сонымен қатар, биыл ұзындығы 192 шақырым болатын Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның құны – 4,6 млрд теңге.
Бұған дейін Нариман Төреғалиев аграрлық салаға 50,6 млрд теңгеге қолдау көрсетілгенін айтқан еді.