БҚО-да интернет-алаяқтық қылмысы 27,7 пайызға өсіп кеткен
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтық қылмысы азаяр емес.БҚО полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, биылғы үш айда 129 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 27,7 пайызға немесе 28 дерекке көп.

Артур Ғайсаұлының сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін интернет-алаяқтықтың 55,5 пайызы ашылған.
— 66 қылмыстық іс өндірісі аяқталса, соның 51-і ауыр санатқа жатады. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне құқыққа қайшы келетін 1 557 интернет ресурсы енгізілді. Ал «Антифрод-орталық» электронды платформасының көмегімен күмәнді 1 024 есепшот ішінде қалған 11 млн 051,766 мың теңге қаражат бұғатталды, — дейді А.Мұсағалиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта алаяқтықтың ең көп таралған түрі — өзін банк қызметкері ретінде таныстыру. Осындай 68 дерек белгілі болды. Сондай-ақ танымал қосымшалардан тауарлар сатып аламын деп алдану (20), инвестиция салу (15) және басқа 22 дерек тіркелді.
— Полиция қызметкерлері телеарналар мен интернет көздері арқылы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Облыс көлемінде «ЕGOV» сайты арқылы 17 мың адамның шоттары бұғатталды. Басқа да жұмыстар атқарылуда, — деді басқарма бастығы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қай саланың мамандары алаяққа жиі алданатынын жазған болатынбыз.