БҚО-да киелі орындар тізіміне алты нысан енгізу көзделуде
Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің мәлім еткеніндей, олар: бірінші - ортағасырлық Жайық қалашығы; екінші - Бөкей ордасы тарихи-музей кешені; үшінші - Теректі ауданындағы Тақсай қорған кешені; төртінші - Батыс Қазақстан өңірінде «Дәдем ата» деген атпен әйгілі Жұмағазы хазірет зираты; бесінші - белгілі ақын, ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш зираты; алтыншы - Алашорда үкіметінің батыс қанаты - Күнбатыс Алашордасының орталығы болған Жымпиты ауылында Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат. Сонымен қатар Жайық қалашығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне ұсыну үшін құжаттар дайындалуда.
Осындай тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени орындарды халық арасында кеңінен насихаттап, оның құндылығын дәріптеудің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор. Өйткені туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи ескерткіштер күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың тағзым ететін, отандық және шетелдік туристердің жиі келетін, қазақ тарихынан сыр шертетін киелі орындарға айналады.
Сондай-ақ бағдарлама аясында сандық технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Ақ Жайық өңірінің электронды энциклопедиясы әзірленуде.
Батыс Қазақстан тарихын өзге өңірлерге, көрші мемлекеттерге таныту мақсатында экспедициялар жұмыс істеуде.
Биылғы қазан айында «Туған жерге тағзым» жобасы аясында Ақ Жайық өңірінен шыққан, қазіргі таңда республикалық және халықаралық деңгейде еліміздің дамуына қызмет етіп жүрген азаматтарды туған жерлеріне шақырып, халықпен кездестіріп, өз салалары бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жоспарлануда.
Жалпы, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әр түрлі 20 жоба енгізілген. Олардың қатарында ашық аспан астында музей ашу, киелі жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көптеген игі істер бар. Бұл жұмыстардың барлығы алдағы алты жылға жоспарланып, «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны», «Атамекен» деген арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Елбасының қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясымен іс-шаралардың республикалық желілік кестесі бекітіліп, соған орай облыстың барлық ауданында тиісті жұмыстар атқарылуда. Жоспарға сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау бағытында халықпен кездесулер, еңбек ұжымдары мен бастауыш партия ұйымдарында шаралар өтуде. Мысалы, 19 қыркүйекте Демократиялық күштердің «Қазақстан - 2050» Батыс Қазақстан облыстық коалициясы Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу бастамасына қолдау білдіріп, өңір тұрғындарына үндеу жариялады.
Облыс басшысы Алтай Көлгінов бұл жұмыстардың аса маңыздылығын атап көрсетіп, оған партия мүшелерінің белсенді атсалысуы керектігін жеткізді.