БҚО-да көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің мәлім еткеніндей, Қаратөбе және Шыңғырлау ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Оның айтуынша, Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округі Шалғын елді мекені маңында мұз жиналып, қардың тез еруіне байланысты тұрғын үйлердің тең жартысына су кірді.

«Осы ауылда болып, тиісті шешімдер қабылдадық. Мұнда 197 адам тұрса, соның 100-дейі елді мекенде қалған екен, оның 37-сі – балалар. Тұрғындардың көпшілігі Қоскөлге, қалғаны басқа ауылдарға, Орал қаласына көшіріледі. Оқушылардың жартысы Қоскөлде, қалғаны Оралда білім алатын болады. Шалғында мал мен үйді қарайтын ер азаматтар ғана қалады. Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, мұндай табиғи апат аталмыш елді мекенде бұрын болмаған», деді Ғ.Есқалиев.

Өңір басшысы сондай-ақ Шыңғырлау ауданындағы ахуалға тоқталды.

Мұнда Шыңғырлау мен Сегізсай ауылдары арасындағы жолды су тасқыны тоғыз жерден шайып өткен. Соның салдарынан ауылдарға автокөлік қатынасы үзілген. Бір-екі күнде судың екпіні бәсеңдеген кезде Оралдан қажетті материалдар жеткізіліп, жолдар қалпына келтіріледі.

Сонымен қатар су Алмаз ауылына кіреберістегі көпірді бұзып кетті. Сондықтан бұл ауылдан Ақтөбе мен Шыңғырлауға қарай қатынау мүмкін болмай қалды. Дегенмен дала жолдары арқылы ТЖ техникаларымен жетуге болады.

«Барлық ауылдар азық-түлікпен, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Қазір жағдай бақылауда. Екі аудан бойынша төтенше жағдай жариялануына байланысты тиісті комиссиялар жұмыс жасап, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, бұдан жергілікті кәсіпкерлер де шет қалмайды деп ойлаймын», деді облыс әкімі.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің сөзіне қарағанда, Шыңғырлау ауданында жолдарды су шайып кетуі салдарынан 6 елді мекен (шамамен 2 мың адам) байланыссыз қалды.

Қаратөбе ауданы Шалғын елді мекенінде 25 үй, 2 әлеуметтік нысан су астында қалды. 30 ұсақ мал қырылды.

Қазіргі кезде облыстағы жағдай жедел штабтың бақылауында.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауыл мектебіне су кіргенін, тасқын судың өткелді шайып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ су кірген 25 үйдің адамдары басқа жаққа көшірілді.

БҚО-да жолды су шайып кеткендіктен бірнеше ауылмен қатынас үзілді.


Соңғы жаңалықтар