БҚО-да құны 53 млн теңге тұратын 10 тұрғын үй мемлекеттік меншікке тіркелмеген

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйді бөлу саласында заңбұзушылықтар анықталды.

тұрғын үй, баспана, пәтер
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2017-2025 жылдар аралығында салынған тұрғын үйлердің құрылысы мен рәсімделуінің заңдылығына кешенді талдау жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде жалпы құны 53 млн теңге болатын 10 тұрғын үйдің мемлекеттік меншікке тіркелмегені анықталды. Бұған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы, яғни тұрғын үйлерді жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін қажетті мемлекеттік қызметтерге ақы төлемеуі себеп болған. Соның салдарынан бұл тұрғын үйлер құқықтық алаңнан тыс қалып, мақсатына сәйкес пайдаланылмаған.

- Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде барлық 10 нысан тіркеліп, мемлекет меншігіне қайтарылды және олардың заңды мәртебесі қалпына келтірілді. Жауапты лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 400 млн теңгеден астам алимент берешегі өндірілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар