БҚО-да наурызда коронавирус жұқтырғандар саны 1 мыңнан асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 4857 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның ішінде қаңтар айында - 1837, ақпанда - 1950, наурызда 1070 адамның ауырғаны тіркелді.

Оның сөзіне қарағанда, 1 наурыздан бері індет жұқтырғандармен байланыста болған 2506 адам медициналық бақылауға алынды.

Соңғы аптада (12-18 наурыз) алдыңғы аптамен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткішінің 1,4 пайызға (405-тен 411-ге) өскені байқалады.

Ауырғандардың 397-сі (37,1 пайызы) – жұмыс жасайтындар, 261-і (24,3 пайыз) – зейнеткерлер, 180-і (16,8 пайызы) – жұмыссыздар, 101-і (9,6 пайызы) – оқушылар, 39-ы (3,6 пайызы) – медицина қызметкерлері, 34-і (3,1 пайызы) – мұғалімдер.

Сырқаттанғандардың 362-сі немесе 33,8 пайызы бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. 297-сі (27,7 пайызы) сауда үйлері, базарлар мен медицина ұйымдарында, 283-і (26,4 пайызы) қоғамдық көліктерде, 85-і (7,9 пайызы) садақа-тойларда жұқтырған.

Кеше облыста 81 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.

«Алда Наурыз мерекесі келе жатыр. Сондықтан мейрам күндері облыс тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтауға шақырамыз. Облыс «қызыл» аймаққа кіргендіктен, жаңа қаулыға сәйкес 20 наурыздан бастап карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп отыр. Егер жағдай өзгермейтін болса, талап бұдан да қатаңдатылады», деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карантиндік шаралар күшейтілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар