БҚО-да өрттен қаза болғандар саны 2,6 есеге көбейіп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 658 өрт оқиғасы тіркелді.

Орал қаласында қос қабатты тұрғын үй өртенді
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соны салдарынан 13 адам қаза тауып, үшеуі түрлі жарақат алды. Өрттен келтірілген шығын көлемі 32 млн 248 мың теңгеден асты.

Мереке Бауыржанұлының сөзіне қарағанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өрт саны 8,4 пайызға (2024 жылы – 718) азайғанымен, қаза болғандар саны 2,6 есеге (5-тен 13-ке) көбейіп отыр. Жарақат алғандар 72,8 пайызға (11-ден 3-ке) азайғаны байқалады. 

Тұрғын үй секторында 379 өрт болды, бұл өткен жылғыдан (414) 8,5 пайызға аз. 

- Өрттің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан рейдтік іс-шаралар барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта департамент есебінде аталған санаттағы 778 отбасы бар. Департамент қызметкерлері жергілікте атқарушы органдармен бірлесіп, осы отбасылар тұратын тұрғын үйлерді түгел аралап шықты.

Нәтижесінде 653 улы газ датчигі орнатылып, олардың 83,9 пайызы қамтылды. Өткен жылы 629 отбасы есепке алынып, олардың тұрғын үйлеріне датчиктер түгелдей орнатылған болатын, - деді М.Жұмағалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда газдан уланған ана мен 5 баланың ауруханаға жатқызылғанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар