БҚО-да өз бетінше өсіп тұрған ақ қайыңдарға күтім керек— эколог

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы аумағында ақ қайыңдар мен көк теректер өз бетінше өсіп тұр.

лес, береза
Фото: Pexels

Көгалдандыру саласының тәжірибелі маманы, эколог Лұқпан Өтебалиевтің айтуынша, құмның ортасында ойпаңда өсіп тұрған теректер аудан орталығы Қаратөбе ауылынан 6-7 шақырымдай жерден басталады.

Лұқпан Батырұлының сөзіне қарағанда, осы аумақты биыл көктемде сол өңірдің азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Құсайын Мұқановпен бірге барып көрген.

— Қаратөбе ауданы Орал қаласынан шалғайда, шөлейт аймақта орналасқандықтан онда жайқалған орман өседі деп көп ешкім ойламаса керек. Көлдіктері шүйгін шөпке толы болса, өркеш-өркеш құмдардың арасында аумағы 100-150 шаршы метр ойпаң жерде ақ қайыңның өсуі мені таңғалдырды. Ол өз алдына, діңгегі жасыл, тіп-тік көк теректердің жапырағы күміс сияқты, желмен сыбдырлап тұрады. Сондай-ақ қызыл тал, долана, татар үшқаты сияқты сирек кездесетін бұталар көзге шалынды, — дейді маман.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Оның айтуынша, шоқ-шоқ болып өскен тоғай 60 шақырымдай қашықтағы Егіндікөл ауылына дейін созылады. Алайда оны есепке алып жатқан ешкім жоқ, қараусыз қалған.

Соның салдарынан мал кіріп, тал-теректердің бұталарын сындырып жатыр. Оған қоса ауыл адамдары көк теректерді кесіп алып, ауласын қоршауға пайдалануда екен.

— Жергілікті органдардың еш шығынысыз, өз-өзінен өсіп тұрған осындай табиғат байлығының қараусыз қалғанын көріп, жүрегім сыздады. Сондықтан менің ұсынысым — Қаратөбе ауданынан кем дегенде орман шаруашылығы мекемесінің бөлімшесін ашып, екі-үш маманды бекітсе, дұрыс болар еді. Теректерді есепке алу жұмысын жүргізіп, оны кесуге болмайтынын көрсететін тақтайшалар іліп, тұрғындарды құлақтандыру қажет-ақ. Тіпті осы жерден табиғи резерват ашса да, артық емес. Бұл мәселеге Экология және табиғи ресурстары министрлігіне қарайтын мекемелер назар аударып, нақты шешім қабылданса екен, — дейді Л.Өтебалиев.

Шын мәнісінде ақ қайыңды өсіру, баптап-күту оңай дүние емес. Қаланың өзінде аптасына екі-үш рет суарғанның өзінде шықпай қалып жатады. Ал Қаратөбенің ақ қайыңдары қорғауға алынбаса, құрып кетуі ғажап емес. 

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында орманмен көмкерілген жерлер аз.

— Шыңғырлау ауданында осындай ақ қайыңдар өседі. Сол секілді Ресеймен шекаралас орналасқан Жәнібек ауданында кеңес дәуірінде академиялық бақ өсірілгені белгілі. Ондағы қарағайлардың өзі бөлек, Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылдық округіндегіден өзгеше. Жәнібек стационарының бір бөлігі шекара белгілеген уақытта Ресей жағында қалды. Ендігі мақсатым — осы бақты да көзбен көріп, жай-күйіне қанықсам ба деймін. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз осындай жерлерді сақтап қалуымыз керек, — деп түйіндеді сөзін маман. 

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов Қаратөбе ауданындағы ақ қайыңдар мәселесімен таныс екендігін жеткізді.

— Бұл мәселе жөнінде сауалды 2023 жылы сол кездегі Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменовамен кездесуде Қаратөбе ауданының тұрғыны қойған еді. Содан кейін зерттелді. Аталған жер көлемі орман шаруашылығы мекемесін ашуға аз болып тұр, — деді инспекция басшысы. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық эколог әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық болмайтынын айтқан еді.  

Соңғы жаңалықтар