БҚО-да салынып жатқан үйдің қабырғасы құлап қалды – әкімдік жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округі Қоржын ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынып жатқан үйлердің қабырғасы желдің әсерінен құлап қалғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазбалар тарады.

үй құрылысы
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Осы бейнежазбаларға байланысты Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов түсінік берді.

Оның айтуынша, екі үйдің қабырғасының сыртқы беті құлаған. М.Шайжанов кемшілік кеткенін жасырмады. Кірпішті қалаған кезде әр алты қатар сайын тор қалдырып, ішкі жағынан керамзит блоктармен байластырып отыру керек еді. Алайда жұмысты тез бітіру мақсатында қабырғаның сыртқы қасбетін биікке көтеріп жіберген де, ол құлап қалған.

«Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбаларда құрылыс жұмыстары біткеннен кейін де үйдің қабырғасы құлайтыны айтылған. Бұл қауіп негізсіз. Қазіргі кезде қисайған, құлаған қабырға түзетілуде. Құрылыс жұмыстары сараптамадан өткен жобаға сәйкес атқарылып жатыр. Негізгі қабырға керамзит блоктардан жасалады. Жұмыс барысын учаске басшысы, техникалық қадағалаушы, құрылыс бөлімінің мамандары бақылауда ұстап отыр. Құрылыс барысы қатаң бақылауға алынды», - деді М.Шайжанов.

Аталмыш ауылда барлығы 90 үй салынып жатыр.  

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беріліп жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар