БҚО-да сальмонеллезбен ауырғандар саны екі еседен астамға өсті
ОРАЛ. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өткен жылы өңірде топтық жұқпалы аурулар мен тағамнан улану жағдайы тіркелген жоқ.
Динара Олжабайқызының сөзіне қарағанда, тырысқақ, оба, құтыру, сібір жарасы, іш сүзегі, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, безгек және ботулизм сияқты қауіпті жұқпалы аурулар кездескен жоқ.
Сондай-ақ өткен жылы 18 жұқпалы дерт, соның ішінде қызылшаға шалдыққандар саны 54,3 есе, көкжөтел 2,23, бактериалды дизентерия 2,22, COVID-19 3,21, жедел вирусты гепатит 4,35 есеге, ЖРВИ 19,1, туберкулез 14,9, паразиттік аурулар (лямблиоз, описторхоз) 30-40 пайызға төмендеді.
— Сонымен бірге бірқатар инфекциялар бойынша өсу байқалды. Атап айтқанда, жіті ішек инфекциялары: сальмонеллез 2,16, ротавирус 9,55 есеге өсті. Паразитті аурулардың ішінде энтеробиоз 23,1, дерматомикоз 12,2 пайызға көбейді. Ауа-тамшы жолымен берілетін скарлатина 33,5 пайызға артып, 1 серозды менингит тіркелді, — деді Д. Жаңабергенова.
Оның айтуынша, мұның негізгі себептері — тұрмыстық байланыс, жеке гигиенаның сақталмауы, тағамды термиялық өңдеуден жеткіліксіз өткізу.
Департамент мәліметіне сәйкес облыста 2025 жылы мақсатты топтағы балалар 96,6 пайыз көлемінде профилактикалық екпемен қамтылды. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан ұсынылған 95–100 пайыз деңгейіне толық сәйкес келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында шошқа тұмауы да тіркелгенін жазған едік.