БҚО-да шекарадан өткен 31 адамнан коронавирус анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1 қазан мен 20 желтоқсан аралығында Ресеймен шектесетін «Тасқала», «Сырым», «Жәнібек» және «Ақсай» автоөткелдерінен өңірге 59259 адам өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағанындай, соның ішінде 1896 адамның тестілеуден өткені жөнінде анықтамасы болған жоқ.

Олардың бәрі де жеті күндік карантинге жатқызылып, сынама алынған кезде 31-інен коронавирус табылды.

Өңірде транзиттік жүк тасымалдайтын автокөліктердің қозғалысын реттеу бағытында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармалары, БҚО полиция департаменті іс-қимыл алгоритмін жасақтады.

Соған сәйкес облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы транзиттік жүк көліктері аялдайтын маршрутты (Самара-Шымкент жолында 5 жанар-жағар май құю стансасы – «ҚазМұнайГаз», «VenOil», «Москвичи», «Нэфтэк» және «Гелиос») белгіледі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы жол бойында орналасқан нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы керектігі жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді.

Облыстық полиция департаменті жүк көліктерін қарсылап алып, шығарып салады.

Күні бүгінге дейін өңірде 8782 адам коронавирус жұқтырса, соның 7700-і жазылып шықты. 154 адам көз жұмды.

Соңғы тәулікте 37, бір аптада 259 адамның індетпен ауырғаны тіркелді.

Қазіргі таңда пневмонияға шалдыққан 125 адам стационарда, 47-сі амбулаторлық ем алуда. Бұл дерттен 239 адам қайтыс болды.

Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 3, жасанды тыныс алу аппаратына 2, оттегі концентраторына 5, орталықтандырылған оттегі көзіне 26 адам қосылған.

Жұқпалы аурулар ауруханаларында 150, карантиндік стационарда 55, жансақтау бөлімінде 14 адам жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жұқпалы аурулар ауруханаларында 155 науқастың емделіп жатқанын, 100-ге жуық нысанның санитарлық талапты бұзғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар