БҚО-да су жолдың үстімен өтіп жатыр – ТЖД жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында судың жолдың үстімен өтіп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. 

БҚО-да су жолдың үстімен өтіп жатыр – ТЖД жауап берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Бейнежазбада ер адам сарқырап ағып жатқан судың мол екенін, жол үстімен өтіп жатқанын айтады. Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті жауап берді.

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, аудан орталығы Қаратөбе ауылынан 2 шақырым жерде жергілікті маңызы бар Қаратөбе-Қарақамыс автожолында жергілікті атқарушы органдармен су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, су ағыны ескі арнамен және құятын жол төсемінен өткізілуде.

— Қаратөбе ауданының әкімдігі облыс басшылығымен келісім бойынша 2024 жылдың жазында су ағынын ескі арнамен және құятын жол төсемінен өткізу туралы шешім қабылдады. Аталған іс-шара арнадағы суды алдын ала өткізу мақсатында атқарылып жатыр. Көлік қозғалысы тоқтатылмаған. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жергілікті атқару органдар күштерімен кезекшілік ұйымдастырылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тасқын судан келер қауіп қандай екенін жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ БҚО-да 32 мың адам сыятын 317 уақытша орналастыру пункті дайын.

Соңғы жаңалықтар