БҚО-да тағы 2 жасөспірім суға батып кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тағы 2 жасөспірім суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қайғылы оқиғалардың бірі 6 тамыз күні Бөрлі ауданы, Бақтыарал ауылында болды.

Сағат 17.00 шамасында жергілікті тұрғындар 12 жасар қыздың денесін Шыңғырлау өзенінен шығарып алды. Ол сағат 15.40-та шомылуға жабдықталмаған жерде суға батқан.

Сондай-ақ кеше сағат 18.15 шамасында Орал қаласында 17 жастағы ұл Жайық өзеніне батып кетті. 45 минуттан кейін денесін құтқарушылар алып шықты.

Еске салайық, бұдан бір күн бұрын – 5 тамызда Бәйтерек ауданы, Жайық-2 елді мекені маңындағы «Miami park» демалыс аймағында 16 жастағы жасөспірім судан көз жұмды.

Департамент мәліметіне қарағанда, демалыс күндері өңірде 4 адам қаза болса, соның үшеуі – жасөспірімдер.

Шомылу маусымы басталғаннан бері барлығы 11 адам ажал құшты. Соның ішінде Оралда – 5, Бәйтерек ауданында – 3, Ақжайықта 2 адам суға кетті. Барлық жазатайым оқиғалар шомылуға жабдықталмаған жерлерде болды.

Жыл басынан БҚО ТЖ департаментінің күшімен 10 адам құтқарылса, соның жетеуі – балалар.

БҚО ТЖ департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады.

«Облыста барлығы 26 жағажай болса, соның 23-і жұмыс істеп тұр. Су айдындарының қауіпті, шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде 323 тыйым салу белгісі мен 77 ақпараттық стенд орнатылған. Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 12 әкімшілік хаттама толтырылды. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Жеке тұлғаларға 7 АЕК (24 150 теңге), заңды тұлғаларға 10 АЕК (34 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады», деп хабарлады ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар