БҚО-да тексеруден өткен 1150 үйдің 400-ден астамы тұруға жарамсыз деп танылды

тасқын су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезінде 1 311 тұрғын үйге (Қаратөбе — 116, Сырым — 243, Бөрлі — 218, Теректі — 649, Бәйтерек — 62, Тасқала — 6, Орал қаласы — 17) залал келді.

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 1 150 үйге техникалық тексеріс жүргізіліп, соның қорытындысы бойынша 413 үй (Қаратөбе — 90, Сырым — 114, Теректі — 81, Бәйтерек — 7, Бөрлі — 121) әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды.

Әлібек Сайынұлының сөзіне қарағанда, зардап шеккен тұрғындардан өтініштер әлі түсіп жатыр, осыған байланысты техникалық тексеріс жұмыстары жалғасуда. 

«Тұрғын үйлер құрылысы орталық мемлекеттік органдармен бекітілген үлгілік жобалар негізінде жүргізіледі. Осы мақсатта екі эскиздік жоба жасақталды, бұл 3 бөлмелі 80 шаршы метрлік жеке тұрғын үй және екі пәтерлі 160 шаршы метрлік тұрғын үй. Тұрғын үйлер барлық инженерлік желілермен қоса, таза әрлеуде пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарды баспанамен қысқа уақытта қамтамасыз ету үшін жұмыстанудамыз» деді Ә.Антазиев. 

тасқын су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қазіргі таңда аталған аудандарда су баспайтын аймақтардан жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, геология және топо-түсірілім жұмыстары жүргізілуде. 

Сәйкесінше, бекітілген үлгілік жобалар негізінде байлам жүргізетін жобалаушы ұйымдар анықталды (Қаратөбе ауданы — «СтройКонсалтинг» ЖШС, Сырым ауданы — «Shine Project» ЖШС, Теректі ауданы — «Smаrtech» ЖШС, Бөрлі ауданы — «ЕвроПлюс»), және алдағы уақытта үй салатын жергілікті мердігер ұйымдар тізбесі жасақталды. Дайындық жұмыстары жүргізілуде. 

Басқарма басшысының айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойды.

Осы меморандум аясында қор қаражаты есебінен үлгілік жоба негізінде 114 тұрғын үй салынады. 

тасқын су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Қалған аудандарда жарамсыз деп танылғандардың орнына жаңа үйлерді „ҚПО б. в.“ компаниясы, жергілікті бизнес өкілдері және қайырымдылық қорларынан жиналған қаражат есебінен салу жоспарлануда. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстары мамыр айында басталып, жылыту маусымына дейін аяқталатын болады. Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындар баспанасыз қалмайды, мемлекет тарапынан барынша көмек беріледі» деді Ә.Антазиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Батыс Қазақстанда 114 тұрғын үй салатынын жазған болатынбыз.

Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылындағы гидробекетте 630 сантиметрден асты.

БҚО: эвакуациялық пункттерде 2400-ден астам адам қалып отыр.

тасқын су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар