БҚО-да тендерді жеңіп алған депутаттың компаниясы жол салмай отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолы сын көтермейді. Осыған байланысты Kazinform тілшісі мәселені саралап көрді.

Қаржы бөлінгенімен төселген трасса жоқ
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің БҚО-ға сапары кезінде мәлім еткеніндей, Ақжайық пен Жаңақала аудандарын жалғайтын тасжол шұрқ-тесік. Кей тұстарда тасжолды тастап, жиекпен жүруге тура келеді.
Оның сөзіне қарағанда, Чапаев-Жаңақала жолының ең нашар 40 шақырымын жөндеуге 2 млрд 892 млн теңге қаралған.
— Мердігер компанияға 2024 жылы аталған қаражаттың 478 млн теңгесі берілген. 2025 жылға тағы 500 млн теңге бөлінген. Бірақ төселген трасса жоқ. Жұртшылық та, аудан басшылығы да сан соғып отыр. Тапсырыс беруші БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысымен сөйлестім. Жол құрылысы басталатын болып шешілді, — дейді Нартай Аралбайұлы.

Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылынан Жаңақалаға қарай салынуы тиіс жол құрылысы да тоқтап тұр.
— Бисен ауылынан басталып, Жаңақала ауданының шекарасына дейін жетуі тиіс трассаның ұзындығы — 120 шақырым. Алғашқы кезеңі үшін 30 шақырымына 9 млрд 465 млн 307,6 мың теңге бөлінді. Алайда мердігер мекеме «СМУ-5» ЖШС былтыр берілген қаржыны толық игере алмады. Сонымен қатар өзімен бірге жұмыс істеген компанияларға, қарапайым жұмысшыларға белшеден қарыз. Бұл мәселе де бақылауымызда болады, — деді Н.Сәрсенғалиев.
Бисен ауылының тұрғыны Раушан Мұхамбетова аспаз ретінде жұмыс істеп жүргенін айтады.
— Қазіргі кезде Бисеннен Жаңақалаға қарай шығатын жол құрылысының тоқтап қалғаны рас. Өткен жылы екі айдың еңбекақысын ала алмадық. Биыл мамыр айының жалақысы қолға тиді. Бірақ КамАЗ жүк көлігінің жүргізушілеріне берілген жоқ. Күні бүгін азық-түлік алатын қаржы жоқ деп отыр. Сол себепті жұмысшылар мен жүргізушілер жан-жаққа тарап жатыр, — деді Р.Мұхамбетова.

БҚО мәслихат депутаты басқаратын компанияға 8,3 млрд теңге көлемінде 11 тендер берілген
БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның нақтылауынша, Чапаев-Жаңақала жолының құрылысына жауапты мердігер «Ануш Құрылыс» ЖШС басшысы — облыстық мәслихаттың депутаты Оганнес Минасян.
Goszakup.gov.kz порталынан алынған мәліметке сәйкес өткен жылы 4 наурызда Чапаев-Жаңақала-Сайқын (таңдамалы 40 км) жолын орташа жөндеуге БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ануш Құрылыс» ЖШС арасында келісімшарт жасалған.
Құны — 2 млрд 892 млн 285,468 мың теңге. Мерзімі — 9 ай.
— Өткен жылдың 19 наурызында аванс есебінде 478 млн теңге төленгенімен, былтыр тек 2 км асфальт салынған. Биыл 20 қаңтарда аталған басқарма басшысы Марат Қуаншалиев пен Оганнес Минасян қосымша келісімшартқа қол қойған. Мәні мен құны солай қалған, тек мерзімі биылғы 31 желтоқсанға дейін өзгерді. Алайда содан бері мердігер өз міндеттерін орындамай отыр. Дәл қазір жолда техника да, жұмысшы да жоқ, — дейді Б.Ахметжан.
Оның мәлімдеуінше, техникалық қадағалаушы — «КустанайСпецСтрой» ЖШС (директоры Абайхан Садық). Бұл келісімшарт құны — 66,3 млн теңге, оның 10,5 миллионын алған. Нысанда олар да жоқ.
Аталмыш портал мәліметіне сәйкес «Ануш Құрылыс» компаниясы биыл облыс бойынша 11 тендер алған.

Орал қаласы бойынша:
- Жолдарды ағымдағы жөндеу — 699 млн теңге.
- Сондай-ақ «Құрылысшы» шағынауданы жолын орташа жөндеу — 661 млн теңге.
- Ветелки ауылына кірме жолды күрделі жөндеу — 2,5 млрд теңге.
- 4-шағынаудан жолын орташа жөндеу — 330,6 млн теңге.
- Коминтерн ауылында Беляев көшесін қайта құрылымдау — 154,7 млн теңге.
- Скоробогатов, Исаев, Жеңіс көшесін күрделі жөндеу — 90,8 млн теңге.
Бәйтерек ауданы бойынша:
- Қаражар, Поливное ауылына кірме жолды күрделі жөндеу — 799 млн теңге.
- Жалын, Мирное ауылына кірме жолды күрделі жөндеу — 757 млн теңге.
Шыңғырлау ауданы бойынша:
- Шыңғырлау-Ақжар-Сегізсай жолын күрделі жөндеу — 976,4 млн теңге.
Сырым ауданы бойынша:
- Қособа ауылына (14-29 км) кіреберіс жолды орташа жөндеу — 1 млрд теңге.
- Бұлдырты ауылының 6 көшесін күрделі жөндеу — 353,6 млн теңге.
— Биылдың өзінде компания 11 келісімшарт бойынша шамамен 8,3 млрд теңгенің жұмысын алған. Бес жерде орналасқан жиырмадан астам жол учаскелеріне үлгере ме? — дейді БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Б.Ахметжан.

11,5 млн теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев Чапаев-Жаңақала-Сайқын (0-104 км) автомобиль жолын орташа жөндеу (таңдамалы 40 км) бойынша бас мердігер «Ануш Құрылыс» ЖШС, техникалық қадағалаушы «КустанайСпецСтрой» ЖШС екендігін растады.
Келісімшартқа сәйкес аталмыш жолдың ең нашар учаскелерін қамту көзделген.
Өткен жылы 1 млрд 596 мың теңге бөлініп, соның 478,8 млн теңгесі игерілді. Бұл қаражат жол-құрылыс материалдарын дайындау үшін төленді.
— 2024 жылы ұзындығы 5,7 км асфальтбетон жабыны төселді. Әйтсе де «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның сараптама қорытындысына сәйкес бұл жұмыстар қабылданған жоқ. Өткен жылы жұмыс кестесінен кешігуіне байланысты басқарма тарапынан сотқа талап арыз жолданды. Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешімі негізінде «Ануш Құрылыс» ЖШС-нен мемлекет кірісіне 11 млн 561,440 мың теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді, — дейді басқарма басшысы.
Оның ұсынған мәліметі бойынша 2025 жылы аталмыш нысандағы жұмысты жалғастыру үшін 500 млн теңге бөлінді. Жол құрылысын аяқтау үшін қосымша 1,9 млрд теңге қажет. Осыған сәйкес облыстық бюджеттік комиссияға өтінім жолданады.
Күні бүгін бұл жолда жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.

Компания салып жатқан тағы бір жолдан шу шықты
«Ануш Құрылыс» ЖШС Орал қаласындағы С. Есқалиев көшесінде жол жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр.
Тұрғындардың әлеуметтік желіде хабарлағанындай, 1 шілде күні асфальт төсеу технологиясы өрескел бұзылған. Жаңбыр жауғаннан кейін шалшықтың үстіне асфальт төселген.
Осыған байланысты Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, 1 шілде күні мердігер ұйым «Ануш Құрылыс» ЖШС С. Есқалиев көшесінің Д. Нұрпейісова көшесімен қиылысар тұсында асфальт төсеген кезде жаңбыр жауып кеткен.
— Бұзушылықты жою үшін Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары барып қарады. Жаңбыр жауып кеткеннен кейін жұмыстар тоқтатылды. Асфальт төсеу техникасындағы асфальт қоспасы жол қабатына түсірілді. Себебі оны басқалай тәсілмен түсірудің техникалық мүмкіндігі болған жоқ. Кейін бұл қоспа самосвалға тиеліп, жойылуға әкетілді, мұның бейнежазбасы бар. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының оң қорытындысы алынып, сапа стандартына сәйкестігі расталғаннан кейін ғана орындалған жұмыс актісіне қол қойылып, жол учаскесі қабылданады, — делінген ресми жауапта.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміров аталған жол учаскесінен керн алынып, сапасы тексерілетінін жеткізді.
Батыс Қазақстан облысында жол құрылысында іркілістер аз емес. Бұған жауапты мекемелер аталған жол учаскелерін бақылаудан тыс қалдырмай, шұғыл шаралар алуы қажет-ақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынатынын жазған едік.