БҚО-да тұрғын үй өртеніп, жас отбасы баспанасыз қалды

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Теректі ауданы Жаңаөмір ауылында болды.
«31 шілде күні сағат 18:51-де Ұлы дала көшесі, 15-үй мекенжайында екі пәтерлік тұрғын үйде өрт шықты. №1 пәтерде жиһаз, жеке заттар және үйдің төбесі жанды. Өрт 60 шаршы метр аумақты қамтыды. Адамдар аман. «Тілсіз жау» сағат 20:19-да оқшауланып, 1 тамыз сағат 1.16-да ауыздықталды», - деп хабарлады ведомстводан.

Осы үйде жапсарлас пәтерде тұратын Алмагүл Өмірғалиеваның айтуынша, өрт салдарынан 30 жастағы көршісі Сырымбек Сайлауов келіншегі және үш кішкентай баласымен баспанасыз қалды. Екі жасар баласы - мүгедек, кішісі - үш айлық. Қазіргі кезде жас отбасы уақытша ата-енесінің үйінде тұрып жатыр.

«Менің үйім де апатты жағдайда, тұруға жарамсыз болса да, бала-келініммен бірге паналап отырмыз. Оның үстіне, мынадай күйге тап болдық. Қабырғалардың жарылған жерінен түтін кіріп, иіс алып кетті. Жергілікті атқарушы органдардан көмек күтеміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А. Өмірғалиева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шалқар көліне барған 38 жастағы әйелдің суға кете жаздағанын жазған болатынбыз.
