БҚО-да вирустық менингитпен ауруханаға жүгінушілер саны 3,7 есеге артқан

ОРАЛ. KAZINFORM – Соңғы кезде Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына науқастардың қаралу саны 18,4 пайызға өсті.

медицина операция врач санитар дәрігер
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Аурухана директоры Надия Ахметованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде бактериялық этиологияның жіті ішек инфекцияларымен жүгінушілер 79,3, қызылшамен 83,3 пайызға, вирустық менингитпен 3,7 есеге, энтеровирустық инфекциялармен 2,6 және пневмониямен ауырғандар 1,5 есеге артқан. 

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш аурухана ересектер мен балаларды жұқпалы аурулардан емдеу үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша қызмет етеді. 

«Біз тәулік бойы жұмыс жасаймыз, аймақтағы жұқпалы аурулар патологиясы бойынша офлайн-онлайн режимде кеңес береміз, сонымен қатар аудандарға да барып, көмек көрсетеміз. Ауруханада барлығы 190 төсек-орын болса, соның 140-ы – инфекциялық төсек, мұның 100-і балаларға арналған. Оған қоса 50 оңалту төсек-орны (10-ы балалар үшін) бар», дейді Н.Ахметова.

Директордың айтуынша, ауруханада біліктілігі жоғары мамандар еңбек етеді. Сонымен қатар мамандарды тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 

«Қазіргі таңда ауруханада дәрігерлер саны 90,4 пайыздан 92-ге, медбикелер 95,7-ден 99,8 пайызға артып отыр. Кіші медицина қызметкерлерінің саны жалақының төмендігі және жұқпалы аурулар бойынша эпидемия кезеңінде жоғары жүктеме салдарынан 94,9-дан 88,4 пайызға азайғаны байқалады. Күні бүгін 12 кіші медицина қызметкері қажет», деді аурухана басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 400-ге жуық нәрестенің туберкулезге қарсы екпе алмағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар