БҚО-да заңсыз аң аулаған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында браконьерлікке қатысты әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. 

БҚО-да заңсыз аң аулаған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: видеодан алынған скрин

Бөрлі ауданының тұрғыны Батыр Сейкеновтің Instagram әлеуметтік желісіндегі мәліметіне сүйенсек, оқиға Александров ауылының маңында болған. 

Оның сөзіне қарағанда, аталған жерде еліктің терісі, аяқтары, гильзалар, оқ-дәрінің бос қораптары, қаршана мен ауыр техниканың іздері қалған.

– Қоқыстың арасынан дүкеннен сатып алған чектерге дейін табылды. Сондықтан дүкендегі бейнежазбаларды қараса, браконьерлерді табу қиынға соқпайды, - деді Б.Сейкенов. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ақсай қаласының 1985 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды.

– Күдіктінің мекенжайын тінту барысында тіркелген екі атыс қаруы, қоңыр түсті зат іздері бар киім мен аяқкиім тәркіленді. Аталған дерекке сәйкес заңсыз аң аулау белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жалған нөмірмен жүрген жүргізушінің 1,1 млн астам теңге айыппұл төлемегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар