БҚО-да заңсыз қаржылық пирамидаларға 2 мыңнан астам адам тартылған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы қаржылық пирамидалармен күрес санаты бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді.
БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Палмановтың мәлім еткеніндей, аталған заңсыз схемаларға облыстың 2 мыңнан астам тұрғыны тартылып, келтірілген жалпы залалдың сомасы 470 млн теңгеден асқан.
Оның сөзіне қарағанда, департаментпен «Imrat Group» атты қаржылық пирамиданың қызметі әшкереленіп, тоқтатылған. Канадада, Гонконгта және Ұлыбританияда тіркелген халықаралық инвестициялық компания ретінде көрсетілген бұл құрылым азаматтарға тәулігіне 0,5 пайыздан 1,5 пайызға дейін жоғары табыс уәде еткен.
— Жобаға қатысу үшін реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптоәмиянға (USDT баламасында 20 АҚШ долларынан 10 000 АҚШ долларына дейін) ақша салу қажет болған. Ал қаражат іс жүзінде пирамиданың қатысушылары арасында қайта бөлініп, бұрынғы салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардың есебінен жүргізілген. Жаңа қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет көрінісін қалыптастыру үшін кең ауқымды жарнама жасаған. Атап айтқанда, кеңселер жалданып, жарнамалық материалдар әзірленген. Таныстырылымдар мен конференциялар ұйымдастырылып, сондай-ақ жоғары табыс пен салымдардың қауіпсіздігі уәде етілген ақпараттар мен бейнероликтер жарияланып отырған Telegram-арнасы жұмыс істеген, — дейді М.Палманов.
Оның айтуынша, нәтижесінде пирамидаға 30 азамат тартылып, 89 млн теңгеден астам қаражат салған. Күдікті тұлғаларға қаржылық пирамиданы басқару және оны жарнамалау фактілері бойынша айып тағылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаржылық пирамидаларды жарнамалау заңға қайшы болып табылатынын және тұлғаның рөлі мен келтірілген салдарға байланысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескерген жөн. Жарнамаға азаматтарды тартуға бағытталған кез келген ақпарат тарату жатады. Ең жоғары қылмыстық жаза — төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу. Оған қоса айыпты деп танылса, үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айырылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да алаяқтар дропперлер арқылы 17 млн астам теңгені аударып жібергенін жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да экономикалық қылмыстар бойынша келтірілген залал көлемі 1,6 млрд теңгеден асты.