БҚО-да жөнделген жолдан анықталған 431 ақаудың 30 пайызы жойылмаған

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыру, сондай-ақ барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағытта бірқатар нақты міндеттер қойылды. 

БҚО-да жөнделген жолдан анықталған 431 ақаудың 30 пайызы жойылмаған
Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БҚО филиалынан

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының директоры Нұртілек Хасеновтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бүгінде Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында тиісті жұмыс істеліп жатыр.

БҚО-да жөнделген жолдан анықталған 431 ақаудың 30 пайызы жойылмаған
Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БҚО филиалынан

Нұртілек Нұрхатұлының сөзіне қарағанда, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 6 063 шақырым.

Оның ішінде 1 349 шақырымы — республикалық, 4 714 шақырым — жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары.

Биыл облыста 422 шақырым автомобиль жолын реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 308 шақырымы республикалық, 114 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі.

Қазіргі таңда республикалық маңызы бар Атырау-Орал, Подстепный-Теректі-РФ шекарасы, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы, Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

БҚО-да жөнделген жолдан анықталған 431 ақаудың 30 пайызы жойылмаған
Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БҚО филиалынан

— Жол жөндеу жұмыстарының сапасы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Батыс Қазақстан облысы филиалының бақылауында. Жыл басынан бері облыстағы жол нысандарына 422 бақылау жүргізіліп, жол-құрылыс материалдарының 1 658 сынамасы зертханалық зерттеуден өткізілді. Зерттеу нәтижесінде 375 сынамадан немесе 22 пайызынан қолданыстағы талаптарға сәйкес келмейтін көрсеткіштер анықталды, — дейді Нұртілек Хасенов.

Оның айтуынша, сонымен қатар жөнделген жол учаскелерінде 431 ақау тіркеліп, олардың шамамен 30 пайызы қазіргі уақытқа дейін жойылмаған. Анықталған сәйкессіздіктер мен ақаулардың барлығы тиісті бақылау жүргізу және олардың жойылуын қадағалау мақсатында KazRoadLab ақпараттық жүйесіне енгізілді.

БҚО-да жөнделген жолдан анықталған 431 ақаудың 30 пайызы жойылмаған
Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БҚО филиалынан

Жол сапасын бақылаудың негізгі мақсаты — анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды қамтамасыз ету және талапқа сай келмейтін жұмыстардың қабылдануына жол бермеу. Осыған байланысты жол нысандарындағы анықталған ақаулар мен сәйкессіздіктер толық жойылып, жұмыс сапасының белгіленген талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету маңызды.

— «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тарапынан анықталған кемшіліктерді жою, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау және жүргізіліп жатқан жұмыстардың нормативтік талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр, — деп қосты филиал директоры.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол-құрылыс материалы сынамасының 220-дан астамы талапқа сай болмай шыққанын жазған едік.