БҚО-да жөнделіп жатқан мектеп-лицей интернаты өртенді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында Қараөзен мектеп-лицейінің интернаты отқа оранды.

БҚО-да жөнделіп жатқан мектеп-лицей интернаты өртенді
Фото: видеодан алынған скрин

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Қараөзен ауылында ауданы 388 шаршы метр бір қабатты интернат ғимаратының өртеніп жатқаны жөнінде хабар 9 шілде күні сағат 14.30-да түскен.

- Өрт сөндірушілер тез арада жетіп, «тілсіз жауды» толықтай ауыздықтады. Өртті сөндіруге 13 адам, 2 техника тартылды. Мектеп-лицей интернаты күрделі жөндеуде болған. Зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиғаның себебі анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, интернат ғимаратын «Жайық Сити» ЖШС күрделі жөндеуден өткізіп жатқан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құны 65 млн теңгеден асатын сиреналық-сөйлеу құрылғалы орнатылып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар