БҚО-ға киік етін өңдеуге қытайлық инвесторлар келетіні рас па
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев киік еті мен өзге де бөліктерін терең өңдеуйтін зауыт салуға инвестор тарту жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Облыста ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе киікке қатысты қытайлық инвесторларға жер беріледі деген ақпарат рас па?» деп сұрады астаналық тілшілер әкімнен.
«Біз қазір инвестор іздеп жатырмыз. Қытай бола ма, басқа бола ма, бізге инвестор жақсы шартпен келсе қабылдаймыз. Екі ай бұрын Қытайдан азаматтар келді, өз ойын айтты. Жер тауып берсеңіздер, киіктерді қолға үйретіп, болашақта үлкен зауыт салып, киік етін өңдеуге, жалпы мал етін өңдеуге қатысты терең өңдеу жұмысын қамтитын жоспар барын айтты. Біз оларға өз шартымызды қойдық. Жер тапқан жағдайда біріншіден компания біздің облысқа тіркелуі керек, яғни салық бізге түсуі керек. Жұмыс істеуге жергілікті халық алынуы керек және өз мойнына алған шарттарын орындауы керек. Бұлар орындалмаса, жерді кері қайтару жөнінде алдын ала уағдаластық болды. Егер олар біз айтқан шартқа келіссе, жұмыс қолға алынады. Оның қаржы жағы да әлі шешілмеген», - деді Н. Төреғалиев Астанада орталық коммуникациялар қызметінде.
Өз жауабында әкім инвестор тартудың өте маңызды екенін айтты. Бұл салық түсіміне және халықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға көмегін тигізеді.
«Тағы қайталап айтамын, жер (инвесторға) уақытша беріледі. Сондай-ақ зауыт салынған жағдайда, ол зауытты кім болса да арқалап алып кетпейді ғой. Ол кімге пайдалы? Ең соңында халыққа пайдалы, елге пайдалы. Біз осыны жақсы түсінуіміз керек. Сондықтан Қытай келді екен деп одан қорқудың қажеті жоқ. Егер Қытайдан инвестор келіп, осындай шаруа істеймін деп жатса, біз оны қабылдаймыз. Қазір ірі қара және және басқа малды сойып жатырмыз. Оның терісін қайда жіберіп жатырмыз? Сүйегі қайда жатыр? Ешқайсысын өңдей алмаймыз, пайдаға асыра алмай отырмыз. Кеше келген инвесторлармен сөйлескенде «Қаны, терісі, сирағынан бастап мүйізіне дейін сүйектері қайта кетеді? Осының бәрін өңдейсіздер ме?» деп сұрақ қойдым. Олар бәрін өңдеуге дайын, яғни сондай технология бар. Бізде үлкен зауыттар салынса, өте пайдалы болады. Тіпті малдың қанынан мал азығын дайындауға болады екен. Сүйекті өңдеп, ұн жасап, мал азығына жіберуге болады. Міне, осы мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа?!», - дейді БҚО әкімі.
Бұған дейін БҚО әкімі өңірдегі киік санын реттеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтқан еді.