БҚО мектептерінде жылыту маусымына дайындық қалай жүргізіліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 374 мектептің 55-і орталықтандырылған жылумен қамтылған. 291-і автономдық қазандықпен, 21-і пешпен, 7-сі мектеп электр қуатымен жылытылады.

БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін 359 білім беру ұйымында жылыту жүйесінің қысымын тексеру жұмыстары жүргізілді.
Оның сөзіне қарағанда, 13 келісімшарт жасалып, 24,2 млрд текше метр газ және 533 тонна қатты отын сатып алынды. Соның нәтижесінде барлық мектепте жылуды уақтылы беру жоспарлануда.
«Сонымен қатар Жаңақала ауданы бойынша 3 білім беру ұйымына жапсарлас орналасқан қазандықтарды ғимараттан сыртқа шығару үшін қаражат бөлініп, жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда қаржыны үнемдеу есебінен білім беру ұйымдарында 12 қазандық алынып, орнатылды. Қосымша үнем есебінен тамыз айының соңына дейін тағы 26 қазандық алу көзделуде», - деді Е.Сафуллин.
Басқарма басшысының айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығына сәйкес шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кейін үйлеріне тегін тасымалдау ұйымдастырылады. Тиісті білім беру ұйымы жоқ 71 елді мекеннен 4 969 бала сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 52 мектепке күн сайын тасымалданбақшы.
«Барлығы 69 автокөлік оқушыларды тасымалдайды. 69 жүргізушінің тиісті куәліктері бар, техникалық бақылаудан өткізу жұмыстары жүргізіледі. Орал қаласындағы 4 мектептің автокөлігі жаңа оқу жылына дейін техникалық бақылаудан өткізіледі», - дейді Е.Сафуллин.
Басқарма мәліметінше, облыста 10 үш ауысымды және апатты жағдайдағы 16 мектеп бар. Биыл Бөрлі және Казталов ауданында 2 мектептің құрылысы аяқталмақшы.
Аталмыш мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жоба аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 16 200 орындық 18 мектеп салу жоспарланса, қазіргі кезле соның 9-ы бой көтеруде. Мектептер құрылысының тапсырыс берушісі – «Самұрық Қазына» АҚ.
Жаңа оқу жылында Теректі ауданы Подстепный ауылында 1 200 орындық, Орал қаласында 1 500 орындық № 60 орта мектеп ғимараты пайдалануға берілмек.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақала ауданындағы Карманов мектеп-балабақша кешенін «Жайық Сити» ЖШС күрделі жөндеуден өткізуде. Бұл нысан 5 қыркүйекте іске қосылмақшы. Сондай-ақ Ақжайық ауданында Базартөбе, Бәйтеректе Раздольный мектебі облыстық бюджет есебінен жөнделіп, жаңа оқу жылына дейін тапсырылмақшы. Бұдан бөлек «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары есебінен Орал қаласында дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты (1 176 орын), Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыкалық мектебі (620 орын), № 17 (1 204 орын) және № 9 (1 260 орын) мектептің сырты және шатырлары ауыстырылады. Терезелері жаңартылып, іші жөнделеді. Бүгінгі таңда мердігерлер анықталып, жұмыстар басталып кетті», - деді Е.Сафуллин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі лицейде оқушыларды конкурс арқылы қабылдауға қатысты дау туындағанын жазған болатынбыз.