БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында төтенше жағдай жарияланды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында бораннан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімдігінен мәлім еткеніндей, 13-14 желтоқсанда күн райы күрт бұзылып, боран кезінде бір адам жоғалып кетіп, кейін мәйіті табылды.
Сондай-ақ 5 тұрғын үй мен 4 әлеуметтік нысанның шатырлары ұшты.
Осыған орай аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалық етуімен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өткізілді. Аудан әкімінің 15 желтоқсандағы № 7 шешімімен Бөкей ордасында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
— Күні бүгін әлеуметтік нысандардың шатырларын жөндеу жұмыстары басталып, жеке тұрғындардың өтініштері қабылданып жатыр. Аудан орталығы Сайқын ауылында резервтік су мұнарасының резервуарын жаңадан сатып алу үшін облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына өтінім берілді. Ауыз су беру штаттық режимде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта барлық елді мекендерге электр қуаты толықтай берілді, — деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су мұнарасы құлап, бір адамның жоғалып кеткенін жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да боранда жоғалып кеткен үш адамның денесі табылды.