БҚО-ның тұрғынына 32 жастағы ақтөбелікті абайсызда өлтірді деген күдік таңылды

18 маусым күні теміржол ауруханасына ашық бас-ми жарақатымен 32 жастағы ер адам жеткізіліп, кеше кешке алған жарақаттарынан көз жұмды.
Аталған фактімен Ақтөбе қалалық ІІД-нің Заречный полиция бөліміне полиция қызметкерлері Ақтөбеге жұмыс іздеу үшін келген Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының 27 жасар тұрғынын жеткізді.
Тергеу алдындағы тексеріс барысында күдіктінің Қарғалы өзенінің жағасында жәбірленушімен және тағы бірнеше жігіттермен спирттік ішімдіктер ішіп, бір-бірімен күрескендері анықталды. Соның нәтижесінде күдікті жәбірленушіні жерге итергенде ол басымен тасқа соғылған.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 101 бабындағы 1 бөлімімен («Абайсызда адам өлтіру») қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті азамат ешқайда кетпеу қолхатын толтырды.