БҚО республикалық бюджетке 990 млрд теңге аударды — Әкім есебі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Батыс Қазақстан облысының бюджеті 33,5% ұлғайып, 634 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев есептік кездесуінде айтты.
Әкімнің айтуынша, өңір экономикасы тұрақты даму динамикасын сақтап келеді. Инвестициялар көлемі артып, шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жаңа жобалар іске асырылып жатыр.
— Атап айтқанда, құрылыс саласындағы жұмыстар көлемі 9%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 4,1%-ға артып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,2%-ға өсті. Ішкі сауда көлемі 0,7%-ға, көлік қызметтері 1,2%-ға, байланыс қызметтері 6,2%-ға, өнеркәсіп 3,6%-ға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,4%-ға артты. Облыс бюджеті 33,5% ұлғайып, 475 млрд теңгеден 634 млрд теңгеге жетті, — деді Н. Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Облыстағы орташа айлық жалақы 316 мың теңгеден 369 мың теңгеге немесе 16,6 пайызға артқан.
Өткен үш жылда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 4,4 трлн теңгеден 4,7 трлн теңгеге немесе 6,5%-ға өсті.
— Мемлекеттік бюджетке 1,6 трлн теңге түсті, оның ішінде 597 млрд теңге жергілікті бюджетке, ал 990 млрд теңге республикалық бюджетке бағытталды. Сонымен қатар, Ұлттық қорға 2,8 трлн теңге аударылды, — деді БҚО әкімі.
Өңір экономикасының басым бағыттары ішінде мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешені бар. Аталған салаларда 30 000-нан астам адам еңбек етіп, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа да экспорттап отыр.