БҚО: Сырым ауданының әкімі Р.Сапарғалиев тұрғындар алдында есеп берді

Ауданда жұмыс сапарымен болған облыс әкімі алдымен Шағырлой ауылына ат басын бұрып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Осындағы мектеп директоры Т.Төреғалиева кезінде үлгі жобамен салынған мектептің заман талабына сай күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғанын, бала саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, аталмыш білім ордасының болашағы бар екенін алға тартып, көмек сұрады. Әкім ауылдық мәдениет үйі мен фельдшерлік пунктінде де болды.
Есептік кездесуде атап өтілгеніндей, аудан мал және егін шаруашылығымен айналысады. Соңғы кезде мал басын асылдандыру бағытында шаралар қолға алынуда. Мәселен, 67 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. 3600 бас аналық мал қолдан ұрықтандырылды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 11 ауыл шаруашылығы құрылымы 96 млн. 430 мың теңге несие алып, аналық және аталық ірі қара малдарын сатып алуға қол жеткізді. Ауа райының құрғақшылық салдарынан диқандар ойдағыдай өнімге қол жеткізе алмағанмен, бау-бақшадан алынар өнім молайып келеді. Аудан бойынша 2160 тонна қартоп, 100 тонна көкөніс, 1968 тонна бақша дақылы жиналды. 2012 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» жұмыс жасауға ниеттенген 32 адамға 19,9 млн теңге несие берілді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, жаңа ғимараттарды іске қосу бағытында да жоспарлы жұмыстар жасалуда.
Облыс әкімі Н.Ноғаев өз сөзінде Елбасы тапсырмаларына сәйкес өңірде, соның ішінде Сырым ауданында нақты істер атқарылып жатқанын атап өтіп, аудан басшысының жұмысына оң баға берді.