БҚО тұрғыны: Аудан орталығында тұрсақ та, жолға зәруміз
ОРАЛ. KAZINFORM — Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылының тұрғыны Абзал Есіркепов жол қатынасы нашар екендігіне шағымданды.
А.Есіркеповтің мәлім еткеніндей, өзі тұратын Нефтебаза көшесінің жолы отыз жыл бұрын салынған, әбден ескірген.
— Жолымыз шұрқ-тесік. Жер құрғақ күндері жолдың жанымен жүреміз. Бірақ лай болған күндері сол шамалы асфальтпен қатынауға тура келеді. Сонымен қатар ұялы байланыс мәселесі де шешілмей тұр, — дейді А.Есіркепов.
Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Аудан әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, Чапаевтағы ауылішілік жолдар 62,4 шақырым болса, соның 22,3 шақырымына (35,7 пайыз) асфальт жабыны төселген. Ал 40,1 шақырымы немесе 64,3 пайызы — топырақты жол.
Ең өзекті мәселенің бірі болып отырған ауылішілік жолдарды жөндеу мақсатында 27 көшеге (14,9 шақырым) 5 жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізілді. Жалпы құны — 1 млрд 974,4 млн теңге.
Аталған жобаларға сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті облыстық басқармаларға қаражат сұратылып, бюджеттік өтінімдер жолданды. Алайда қаражат бөлінбеуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік болмай отыр.

— Нефтебаза көшесінде 13 тұрғын үй (24 пәтер) бар, адам саны — 115. Жолдың жалпы ұзындығы — 2,6 шақырым. Аталған көшеге күтіп-ұстау, яғни қырып-тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, жолдың негізінде ескі асфальт қалдықтары және қиыршық тас топырақпен араласып жатыр. Сол себепті жолдың негізі қатты болғандықтан, жүру бөлігін қалпына келтіруде қиындық туғызып отыр. Ал қиыршық тас пен құм аралас қоспа төсеу үшін орташа есеппен 36 млн теңге қаражат қажет. Осыған орай Нефтебаза көшесінің жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін (асфальт жабынын төсеу) 2024 жылы ЖСҚ жасақталды. Жалпы ұзындығы — 2,6 шақырым, құны — 406 981 мың теңге. Жобалар кезең-кезеңмен халық санына және республикалық, облыстық бюджеттен қаражат бөлінуіне қарай жүзеге асырылып жатыр, — делінген ресми жауапта.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес ұялы байланыс мәселесін шешу мақсатында Нефтебаза көшесінде орналасқан «Қазақтелеком» АҚ теңгеріміндегі мұнараға байланыс жүйесін орнатуға ұсыныс берілген. Алайда мекеме талшықты-оптикалық байланыстың жоқтығына орай ұялы байланыс болмайтынын хабарлаған. Сондықтан Чапаев ауылының кіреберісіне немесе көшеге жақын маңға мұнара орнату мүмкіншілігі мамандармен қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолдың шала-шарпы салынуына байланысты әкімдік жауап бергенін жазған едік.
Сондай-ақ жол жоқтығына байланысты БҚО тұрғыны алыс ауыл мәселесін көтерді.