БҚО жаңажылдық безендіруге қанша қаражат жұмсайды
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев биылғы жаңажылдық безендіруге қанша қаражат бөлінгенін айтып берді.
– Мен 2023 жылдан бастап, шырша сатып алуды тоқтатып қойдым. Кезінде маған дейін сатып алынған шыршаны әлі пайдаланып келе жатырмыз. Жыл сайын соны пайдаланамыз және қайтадан жинап аламыз. Келесі жылы тағы да соны шығарамыз, – деді Н.Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Әкімнің айтуынша, биылғы жылға қала әкімдігі 11 миллион теңге көлемінде қаражат жоспарлап отыр.
– Бұл ақша шыршаға жұмсалмайды. Қаланы безендіру бар, балалардың іс-шаралары бар, соларға жұмсалатын жалпы қаражат – 11-ақ миллион теңге, – деп толықтырды облыс әкімі.
Бұған дейін БҚО әкімі өңірдегі тұз тапшылығы туралы пікір білдірген еді.
Сондай-ақ келесі жылы Бөкей ордасының құрылғанына 225 жыл толады. Мерейтойға дайындық жұмыстары былтыр басталып кетті.