БҚО: Желтоқсан құрбаны Гүлзада Қалелованы еске алу шаралары өткізілді

құрбаны
Фото: Алдаберген Сәрсеков

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Гүлзада Қалелованың Желтоқсан құрбаны ретінде ақталуына байланысты еске алу іс-шаралары өткізілді.

Алдымен Гүлзаданың туған жері – Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында «Қыршын кеткен қаһарман» деген тақырыпта өткен іс-шараға Алматыдан, облыс орталығынан келген Желтоқсан ардагерлері және жергілікті жұртшылық қатысты.

Жиналғандар Гүлзада Қалелованың қалай ақталғаны туралы айтып, естеліктерімен бөлісті. Марқұм жерленген қорымда оның рухына құран бағышталып, ауылда ас берілді.

Гүлзада туралы Орал қаласындағы Достық үйінде «Желтоқсанда құрбан болған нәзік гүлін Батыстың, Өшіре алмас асыл желі уақыттың» деген тақырыпта «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында да айтылды.

«Қоғамдық келісім» КММ-ның бөлім басшысы Жамал Ихсанова мұның өте қажетті іс-шара екендігін, Гүлзада Қалелованы батыр қызымыз деп санайтынын жеткізді.

Журналистика ардагері Болат Есқалиев ақжайықтық ұстаз Алдаберген Сәрсековтің осы істі қалай қолға алғанын айтып берді.

«1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты облыстық мұрағатта болған кезімізде ескі папкілердің арасынан Гүлзада Қалеловаға қатысты жаңалау папкіге тап болдық. Ондағы «өте құпия» деген жазу сызылмаған екен. Алдаберген сол бойда көшіріп жазып алды. Бірақ шығарда оның жазғандарын алып қалды. Соған қарамастан, Алдаберген Сәрсеков Гүлзаданың туып-өскен ауылына барып, ата-анасы, жақын-жуықтарымен сөйлесіп, ақиқат жолындағы ізденісін тоқтатқан жоқ», - дейді Б.Есқалиев.

«Гүлзада туралы зерттегеніме 26 жыл болды. Анасы Қалампырдың айтуы бойынша Желтоқсан оқиғасынан кейін Гүлзада жақын-жуықтарының үйін паналап жүрген. 1987 жылы ақпанның 5-іне дейін ұсталмаған. Ақпанның 4-інде үйіне жазған соңғы хатында да қайсар қыз бәрі жақсы, сендерді сағындым деп, өзінің қуғынға түскенін білдірмеген. «Қызыма жабылмаған жала жоқ, соны ақташы», деп анасы аманаттап еді. 2021 жылы желтоқсанда «Ақжайық» телеарнасында журналист Мұнайдар Балмолда жүргізген «Тарихтан тағылым» деген хабарда Гүлзада Халелованың түк кінәсі жоқ екендігін, оның ақталуы керектігін айтып едім. Міне, осыны Алматыдағы желтоқсаншылар іліп әкетіп, істі аяғына дейін жеткізіп отыр», - деді А.Сәрсеков.

Алдаберген Сәрсеков
Фото: Kazinform/Ғайсағали Сейтақ

Алматыдан арнайы келген желтоқсаншылардың бірі, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолда Гүлзада Қалелованы ақтаудың оңайға түспегендігін жеткізді.

«Брежнев алаңынан Калинин ішкі істер басқармасына жеткізілген көптеген қазақ жастарының арасында Гүлзада Қалелованың суреті бар екен. Сараптама жүргізу нәтижесінде Гүлзаданың суреті екендігі анықталды. Әдетте адамның қайтыс болу туралы куәлігінде неден өлгені жазылатыны белгілі. Ал Гүлзаданың куәлігінде ол жазылмаған. Бірақ өлгендік туралы актіде миы езілген деп анық көрсетілген. Табанды жұмыстар нәтижесінде Алматы қалалық прокуратурасынан Гүлзаданың саяси қуғын-сүргін құрбаны болып танылғаны жөнінде анықтама алдық. Алдағы уақытта қазақтың батыр қызын мәңгі есте қалдыру бағытында шаралар атқарылуы керек», - деді Б.Сайфолда.

Бейсенбай Сайфолда
Фото: Kazinform/Ғайсағали Сейтақ

«Апамның 37 жылдан кейін ақталғанына шүкіршілік етемін. Қазір Қалеловтар отбасынан мен ғана қалдым. Әкем 1994 жылы дүниеден озса, анам 2003 жылы Орал қаласында автобуста бара жатқанда жүрегі ұстап, қайтты. Отбасында балалардың үлкені Гүлзада болса, ағам Серік 2001 жылы ауырып, көз жұмды. 1987 жылдан бастап бізге тыныштық берген жоқ. Кейін Оралға көшсек те, солай болды. Соңыма түскені сондай, ақыры Ақмола облысына көшіп кеттім. Қазір Зеренді ауданы Приречный ауылында тұрамын. Енді ондай зауал ешкімнің басына келмесін», - деді Гүлзаданың інісі Мереке Нәбиұлы.

Мереке Нәбиұлы
Фото: Kazinform/Ғайсағали Сейтақ

Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық Гүлзада Қалелованың Желтоқсан құрбаны деп танылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар