БҚО жолдарын күтіп ұстауда 60-тан астам ақаулық анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қысқы мезгілде жолды күтіп ұстауда мердігер ұйымдар тарапынан көптеген заңбұзушылыққа жол берілгені белгілі болды.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміровтің мәлім еткеніндей, республикалық жолдардың жай-күйіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп келеді.
Оның сөзіне қарағанда, осы орайда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол жүру бөлігін қар мен мұздан тазартуға, көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеуге айрықша көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жол жиегі, аялдамалар мен жаяу жүргінші аумақтары да ұмыт қалмайды.

- Жыл басынан бері автомобиль жолдары учаскелеріне мамандар 30 рет шығып, тексеру жүргізді. Соның барысында 19 сынама алынып, 64 ақаулық анықталды. Мұның 17-сі жойылды. Заңбұзушылыққа жиі жол берген мердігерлерге қатысты айыппұлды қосқанда, әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады, - деді Д.Әміров.
Маманның айтуынша, дер кезінде жол тазартылмаса, ол жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін күшейтеді. Ең бастысы, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау кезінде күн райының өзгеруіне орай жедел қимылдап, сонымен қатар технологиялық талаптарды қатаң сақтау талап етіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын маманның күре жолда тапсырыс беруші тарапынан бақылау болмайынша кемшіліктер жойылмайтыны жөнінде айтқанын жазған едік.