Білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарты бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандартын бекітті.

– Білім берудегі жаһандық өзгерістерді, халықаралық тәжірибені және елдердің үздік практикасын ескере отырып, Қазақстан мектеп процесіне жасанды интеллект элементтерін кезең-кезеңімен енгізуді бастайды. Бұл қадам біздің білім беру жүйесінің ерекшелігін, мамандар пікірін және оқушылардың қажеттілігін жан-жақты ескере отырып жүзеге асырылады, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Министрлік жасанды интеллектіні енгізуді ең алдымен «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәнінен бастамақ.
– Осы бағытта орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарты бекітілді. Оқушылар үшін Day of AI онлайн-курсы дайындалды, ал педагогтер үшін біліктілікті арттыру курсы әзірленді. Сонымен бірге AI-Kitap платформасын кезең-кезеңімен енгізу қолға алынды, - дейді ведомстводан.
Айта кетейік, бірер күн бұрын елімізде педагогтерге арналған тегін жасанды интеллект курсы іске қосылды.