Білім беру ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің айлығын көтеруге 90 млрд теңге бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет жеке меншік мектептерге 136 млрд теңгенің тапсырысын береді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәжілістің жалпы отырысында айтты. 

Білім беру ұйымдарындағы медицина қызметкерлерінің айлығын көтеруге 90 млрд теңге бөлінеді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2026-28 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде білім саласына бөлінетін қаражаттың қазіргі деңгейінен азайып қалғаны сөз болды.

— Білім беруге арналған шығыстың жоспардағы қысқаруы биылғы деңгеймен салыстырғанда 600 млрд теңге екен. Шығыстың бір бөлігін жергілікті бюджетке беру педагогтердің айлығын өсірмей тастамай ма, — деп сұрады депутат Нұргүл Тау.

Министр Жұлдыз Сүлейменова биыл «Келешек» мектептерін салуға қомақты қаражат бөлінгендіктен білім саласындағы шығыс үлкен болғанын. Жоба аяқталып жатқандықтан келесі жылы шығыстың қысқаруы заңдылық екенін айтты.

— Сіз айтып отырған 660 млрд теңгенің қысқару қаржының қысқаруы емес. 300 млрд теңгеге жуық қаржы «Келешек» жобасының аясында салынған мектептердің құрылысы аяқталуына байланысты қысқарды. Қалған 300 млрд теңгеден астам қаражат жалпы трансферт ретінде жергілікті бюджеттерге жүктеліп отыр. Оның ішінде балабақша, мектеп, колледждегі медициналық қызметкерлердің айлығын көтеруге 90 млрд теңге, жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырыс бойынша 136 млрд теңгеден астам қаражатты жергілікті бюджеттер бөледі. Колледж студенттерінің стипендиясын көтеруге 85 млрд теңгеге жуық қаражат жергілікті бюджет есебінен қарастырылып отыр. Бұл бюджетті орталықсыздандыру аясындағы шара, — деді министр.

Айта кету керек. 2024 жылы жеке меншік мектептер мемлекеттен185 млрд теңгенің тапсырысын алған болатын.

Соңғы жаңалықтар