Білім саласында буллинг пен кибербуллинге қарсы күрес қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев балалардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі проблемалар мен оларды шешу бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді.

буллинг среди школьников, драки
Фото: Kazinform

Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігі басты назардағы мәселе. Дегенмен баларға қатысты зорлық-зомбылықтың балалар құқығына қатысты жиі көтерілетін мәселелердің бірі болып отырғанын айта кету керек.

– Буллинг, кибербуллинг, отбасындағы және мектептегі зорлық жағдайлары әлі де өзекті. Бұдан бөлек, осал топтағы және мигрант отбасыларындағы балалардың еңбек құқығы жиі тапталады, – деді Жомарт Қарамбаев.

Республика бойынша 40-қа жуық бала омбудсмені жұмыс істейді, олар ұлттық деңгейдегі шешімдерге ұсыныс береді.

– Буллингтің алдын алу мақсатында жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде «Дос болайық» бағдарламасы іске қосылды. Былтыр пилоттық режимде бағдарламаның буллинг жағдайларын 1,5%-ға төмендеткені байқалған, – деді ол эфир барысында.

Министрлік өкілі 2024 жылдан бастап буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Соңғы деректер бойынша бұл бағыт бойынша 200-ден астам іс тіркеліп, 100-ден астам ата-ана жауапқа тартылған.

Интернеттегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталған Қарамбаев ведомство енгізген «Кибер қадағалау» жүйесі қауіпті мазмұнды анықтап, бұғаттайтынын жеткізді. Сондай-ақ балалардың интернетті қолдануын бақылауға бағытталған «Ата-ана бақылауы» тетігі де іске қосылып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері 111 бірыңғай байланыс орталығына 111 мыңнан астам өтініш түскен.

Камила Мүлік

Соңғы жаңалықтар