Blue Origin компаниясы арбада отырған адамды ғарышқа ұшырды
АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні сал ауруына шалдыққан неміс инженері мен тағы 5 жолаушы Blue Origin зымыранымен 10 минуттық сапарға шығып, Жерден 65 миль биіктікке жетті, деп хабарлайды ВВС.
— Бұл ең керемет тәжірибе болды, — деді Михаэла Бентхаус Жерге қонғаннан кейін.
Ол 7 жыл бұрын тауда велосипедпен келе жатып, омыртқасын жарақаттап алған. Бірақ бұл оның ғарышқа ұшу туралы арманына жетуге кедергі болмады.
— Маған тек көрініс пен микрогравитация ғана емес, сонымен бірге көтерілудің өзі де ұнады. Бұл жолдың әр қадамы керемет керемет болды, — деді ол.
Михаэла Бентхаус Еуропалық ғарыш агенттігінде аэроғарыш және мехатрондық жүйелер инженері болып жұмыс істейді. Ол апаттан кейін мүгедектер үшін әлемнің қаншалықты қолжетімсіз екенін түсінгенін айтады.

— Менің ғарышқа ұшуым мүмкін емес деп ойладым. Өйткені денсаулығы мықты адамдар арасында бәсекелестік өте жоғары, — деді ол.
Ғарышкер болу арманын жүзеге асыру үшін Бентхаус бұрынғы SpaceX-тің ғарыш инженері Ханс Кенигсманнға жүгінген.
— Мен Ханспен алғаш рет желіде таныстым. Одан жай ғана «Сіз SpaceX-те ұзақ уақыттан бері жүрсіз, мен сияқты адамдар астронавт бола ала ма?» деп сұрадым, — деді Бентхаус.
Кенигсманн жауап беріп қана қоймай, Джефф Безос негізін қалаған ғарыштық туристік компания Blue Origin-пен 10 минуттық тарихи ұшуды ұйымдастырған. Сондай-ақ компания ішінара қаржыландырды.
Ханс ұшу кезінде қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін Бентхаустың жанында отырды. Кенигсманның айтуынша, Бентхаус оны ғарышқа ұшуға шабыттандырған.
— Оның ынта-ықыласы мені де мұны істеуім керек екеніне сендірді, — деді ол.
Blue Origin компаниясы капсулаға кіріп-шығуға көмектесетін жерүсті қолдау жабдығы қосылғанын айтты. Бұл Бентхаустың капсулаға өздігінен кіруіне мүмкіндік берді.
Blue Origin компаниясының қайта пайдалануға болатын суборбитальды көлігі New Shepard Техас ұшыру алаңынан GMT уақытымен 14:15–те көтерілді. Шағын, толық автоматтандырылған зымыран тігінен ұшып, содан кейін туристерді тасымалдайтын капсула бөлініп, Техас шөліне қонған.
Blue Origin жүзеге асырған ғарыштық туризмнің құны жария етілмеді. Бұған дейін компания ондаған туристі ғарышқа ұшырып үлгерді. Сәуір айында компанияның зымыраны 6 әйелді 11 минуттық ғарыш сапарына жіберген болатын. Олардың қатарында поп-жұлдыз Кэти Перри, Джефф Безостың қалыңдығы Лорен Санчес және CBS тележүргізушісі Гейл Кинг болды.
Айта кетейік, Джефф Безостың Blue Origin компаниясы биыл қаңтар айында алғаш рет жаңа «Нью Гленн» зымыранын ұшырды.