БН-350: Маңғыстаудағы бұрынғы атом реакторындағы радиоактивті қалдықтар қалай залалсыздандырылады

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаудағы БН-350 реакторлық қондырғысын пайдаланудан шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Пайдаланылған ядролық отын нысаннан толық шығарылған. Қазір мамандар сұйық және қатты радиоактивті қалдықтарды өңдеп, натрий жылу тасымалдағышын қауіпсіз күйге келтірумен айналысып жатыр. Ал реакторды тегіс бөлшектеп, аумақты қалпына келтіру үдерісі 60-70 жылға созылуы мүмкін. Kazinform тілшісі мамандардан радиоактивті қалдықтарды өңдеу технологиялары, радиациялық қауіпсіздік және БН-350 тәжірибесінің маңызы туралы сұрады.

БН-350 реакторының қалдықтары Каспийге қауіп төндіре ме
Фото: "МАЭК" ЖШС

БН-350 реакторы 1973 жылы іске қосылып, 1998 жылы жұмысын тоқтатты. Қондырғы 25 жыл бойы электр энергиясын өндірумен қатар, теңіз суын тұщытуға да пайдаланылды. Оны пайдаланудан шығару жұмыстары 1999 жылы басталды. Бұл — бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ үдеріс.

БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұловтың айтуынша, жұмыстың алғашқы кезеңінде нысанды қауіпсіз жағдайға келтіру көзделген. Бұл бағытта бес негізгі міндет белгіленген. Олар — пайдаланылған ядролық отынды шығару, жылу тасымалдағышты қауіпсіз күйге келтіру, сұйық және қатты радиоактивті қалдықтарды өңдеу, сондай-ақ ғимараттарды қауіпсіз жағдайға дайындау.

— Пайдаланылған ядролық отынды шығару жұмыстары 2012 жылы толық аяқталды. Қазір БН-350 реакторлық қондырғысында пайдаланылған ядролық отын жоқ. Ол Маңғыстау өңірінен шығарылып, ғылыми зерттеулер жүргізу және бақылауда ұстау үшін Ұлттық ядролық орталыққа берілді, — дейді Марат Молдағұлов.

Қазір негізгі жұмыс радиоактивті қалдықтарды өңдеуге бағытталған. Олардың түрі мен қауіптілік деңгейі әртүрлі болғандықтан, әрқайсысына жеке технология қолданылады. Сұйық қалдықтарды буландырып, қою әрі ақпайтын күйге келтіреді. Бұл олардың таралу қаупін азайтып, қауіпсіз сақталуына мүмкіндік береді. Қатты қалдықтар да қауіптілік деңгейіне қарай сұрыпталып, тиісті тәсілмен өңделеді. Жоғары деңгейдегі қалдықтар арнайы контейнерлерге салынып, бетондалады.

“МАЭК” ЖШС
Фото: “МАЭК” ЖШС

Мамандардың түсіндіруінше, радиоактивті қалдықтардың кейбірі салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ыдыраса, енді бірінің радиоактивті қасиеті ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан оларды дұрыс сұрыптау және қауіпсіз сақтау аса маңызды.

Радиациялық және ядролық қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженер Константин Середнюктің айтуынша, реакторды пайдаланудан шығару жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңде қалдықтарды өңдеу, жабдықтар мен ғимараттарды қауіпсіз жағдайға келтіру жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін қондырғы шамамен 50 жыл бойы бақылауда болады. Кейінгі кезеңде реактор мен ғимараттарды бөлшектеу, аумақты қалпына келтіру көзделген.

— Қазір біз реакторды ұзақ мерзімді сақтауға дайындау кезеңіндеміз. Пайдаланылған ядролық отын толық шығарылғанымен, сұйық және қатты радиоактивті қалдықтар мен натрий жылу тасымалдағышын қауіпсіз күйге келтіру жұмыстары әлі бар, — дейді Константин Середнюк.

Реакторда жылуды тасымалдау үшін натрий қолданылған. Онымен жұмыс істеу де ерекше қауіпсіздік талаптарын қажет етеді. Сондықтан оны өңдеп, ұзақ мерзімді сақтауға дайындау керек. Кейін белгіленген талаптарға сай кәдеге жаратылады.

БН-350 реакторлық қондырғысының бас инженері Ерлан Есбергенов бұл үдерісте әр кезеңді мұқият жоспарлау маңызды екенін айтады. Өйткені қалдықтарды өңдеумен қатар, ғимараттар мен жабдықтарды қауіпсіз жағдайға келтіру де қажет.

“МАЭК” ЖШС
Фото: “МАЭК” ЖШС

Бұрынғы реактордың жұмысы тек энергетика саласымен шектелмеген. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, нейтрон ағынының материалдар мен жабдықтардың қасиеттеріне әсері зерттелген. Мамандардың пікірінше, осы тәжірибе жаңа реакторларды жобалау және олардың қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру үшін маңызды.

 — БН-350-ді пайдаланудан шығару барысында жинақталған тәжірибе болашақта басқа жылдам нейтронды реакторларды істен шығару кезінде пайдалы болуы мүмкін. Әр нысанның ерекшелігі бар, сондықтан мұндай жұмыстар ұзақ мерзімді жоспарлауды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді, — дейді Ерлан Есбергенов.

Ал тұрғындарды радиоактивті қалдықтардың жер асты сулары мен Каспий теңізіне әсер етуі мүмкін деген мәселе алаңдатады. БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұловтың айтуынша, жұмыстың барлық кезеңінде басты назар радиациялық және экологиялық қауіпсіздікке аударылады.

— Халықтың алаңдаушылығын түсінуге болады. Мұндай жағдайда нақты әрі дұрыс ақпарат беру маңызды. Радиациялық қауіпсіздікке қатысты жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын, қандай технологиялар қолданылатынын және қалдықтардың қалай сақталатынын қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Ақпарат ашық болған сайын тұрғындар мәселені жақсырақ түсінеді, — дейді ол.

Осылайша, БН-350 реакторын пайдаланудан шығару жұмыстары бірнеше кезеңмен жалғасып жатыр. Қазір мамандар қалдықтарды қауіпсіз өңдеп, нысанды ұзақ мерзімді бақылауға дайындауда. 

Еске салайық, бұған дейін сарапшы радиофобияның себебін түсіндірген еді.

Сондай-ақ Қазақстанда ядролық және радиациялық оқиғаларға жедел ден қою орталығы ашылғанын жазғанбыз.