Бочеллимен бір сахнада өнер көрсеткен қазақ қызы жоспары туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Жақында Италияның Наполи қаласында өткен концертте отандасымыз, опера әншісі Әйгерім Алтынбек әйгілі Андреа Бочеллимен бірге сахнаға шығып, көрермендерді тәнті етті. Әнші алған әсерімен Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында бөлісті.
Әйгерімнің айтуынша, Италиядағы концерт алдын ала, бір ай бұрын жоспарланған.
— Концерт алдында маэстро, аңыз адам Андреа Бочеллидің қолдауы ерекше болды. Кез келген концерттің алдында қобалжу болады, бірақ оны жағымды қобалжу деп атар едім, — дейді Әйгерім.
Әнші туған елде, Алматыда өткен концертке де тоқталды.
— Бұл — ең үлкен бақыт, ерекше жетістік болды. Қазақ елінің керемет қошеметін сезіндік. Өз еліңнің алдында өнер көрсету — үлкен жауапкершілік, — дейді ол.
Әйгерім бұған дейін «Ла Скала» театры академиясында шыңдалу арманы болғанын айтты.
— «Ла Скала» театрында екі жылдай тәлім алып жатырмын. Қазір жаңа операға дайындық үстіндеміз, спектакльде өнер көрсетемін. Сондай-ақ конкурстар, концерттер және түрлі рөлдерге тыңдалымдар жоспарланып отыр, — деп бөлісті әнші.
Айта кетейік, бұған дейін Әйгерім Алтынбек XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында жеңіске жеткен болатын.