Boeing үшін маңызды шешім қабылдайтын күн: ереуіл тоқтай ма
АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі америкалық алпауыт Boeing үшін маңызды күндердің бірі болмақ. Шамаланып отырғандай, Астана уақытымен кешке компания үшінші тоқсандағы ірі шығын туралы жариялап, бір айдан бері кәсіпорын өндірісін тығырыққа тіреген механиктер ереуілі тоқтай ма белгілі болмақ, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Тамыз айында тағайындалған Boeing-тің жаңа бас директоры Келли Ортберг үшін ереуіл үлкен сын болды. Ол қазірдің өзінде жұмыс орындарын жаппай қысқарту туралы жариялап, банкроттыққа ұшырамау жоспарын құрды.
Енді оған реттеуші органдарды компанияның қауіпсіздік мәдениетін арттырып жатқанына және орта қашықтыққа ұшатын 737 Max тар фюзеляжді ұшағын шығаруды ұлғайтуға дайын екеніне сендіруі керек. Бұл – ұшақ өндірушінің қаржылық жағдайын қалпына келтіретін маңызды қадамы болмақ, деп жазды Associated Press.
Дегенмен де, компания қыркүйектің ортасынан бері Сиэтл аймағындағы құрастыру зауыттарының жұмысын тоқтатқан 33 мың механиктің ереуілі аяқтамайынша, жаңа ұшақтар шығара алмайды.
Сарапшылардың шамалауынша, Boeing сәрсенбіде үшінші тоқсанда шамамен 6 млрд доллар шығынға (оның ішінде әуе лайнерлеріне байланысты 3 млрд доллар шығын) және қорғаныс пен ғарыш бағдарламалары бойынша 2 млрд доллар шығынға ұшырағанын хабарлайды.
Күннің басты жаңалығы сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні, Машина жасаушылар мен аэроғарыш саласы жұмысшыларының халықаралық қауымдастығы ереуілшілердің жұмыс орындарына оралуға дайын ба деген сұраққа хабар бере алатын кезде шығады.
Механиктер Boeing-тің төрт жыл ішінде жалақыны 35%-ға арттыруды, 7 мың доллар көлеміндегі бонустар және өнімділік сыйақыларын қамтитын ұсынысына дауыс береді.